МТРА жаңалықтары

Қыз-келіншектер тегін бет әрлеу курсынан өтуде

Опа-далап, жарасымды макияж және табыс. Қолдарына түрлі қылқалам ұстаған қыз-келіншектер тегін бет әрлеу курсынан өтуде. Өз қызығушылықтарын кәсіппен ұштастырып, нәпақа табудың қамын жасауда. 47 жастағы Ирина Зайнутдинова 3 жылдан бері косметолог маман болып жұмыс істейді. Бұған дейін smm-менеджерлікке оқыған нәзікжанды бұл курста да бой көрсетті. Іскер ханым “Осындай керемет мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?”,- дейді.

ИРИНА ЗАЙНУТДИНОВА, қала тұрғыны:

– Визажистің кәсібі косметологияға жақын. Сондықтан, екі бағытты қатар алып жүргім келеді. Осындай курстың өтерін таныстарымнан білдім. Уақыт жоғалтпай тез құжаттарымды тапсырдым. Аздаған күннен соң әлеуметтік желідегі чатқа қосты. Кеше дәріс оқылды. Енді, міне бүгін тәжірибе жүзінде жаттығып жатырмыз. Қолымызға қылқалам ұстадық. Түрлі түстерді бір-бірімен үйлестіріп көріп жатырмыз.

Бүгін курстың 2-ші күні. Күніне 5 сағаттан болады. Теория да айтылып, тәжірибе жүзінде де көрсетіледі. Бет әрлеу бойынша оқытуды білікті маман Олеся Плессер өткізіп жатыр. Бет терісіне сай дұрыс косметика таңдау және және дұрыс бояу сынды көптеген маңызды дүниелерді үйретуде.

ОЛЕСЯ ПЛЕССЕР, визажист:

– Макияждың 4 түрін жасауды үйретеміз. Оқуға келген қыз-келіншектер өте белсенді. Тез меңгеріп жатыр. Ең бастысы, құлшыныстары бар. Өзімнің көпжылдық тәжірибем бар. Қазақстанда және шетелде көптеген оқудан өттім. Сондықтан, курсқа қатысушылар менен біраз дүние үйренеді деген ойдамын.

Жалпы, оқыту 5 күнге созылмақ. Бет әрлеу курсына 20 қыз-келіншек қатысып жатыр. Жалпы, кәсіпкерлер палатасының мамандары “Мен кәсіпкермін” жобасы аясында жыл соңына дейін 120 адамды оқытуды жоспарлап отыр.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Тігін өндірісі, smm-менеджер, маркет плэйс секілді курстар өткізілді. Қазіргі уақытта бізде визажист және барбер курстары өтіп жатыр. Жақын арада кондитер өндірісі бойынша оқыту өткізіледі деп отырмыз. Кәсіпкерлер палатасы биыл шамамен 120 адамды оқытады. Бүгінде түрлі бағыт бойынша 90-нан астам адам оқып шықты.

Курс соңында қатысушылар арнайы тест тапсырады. Алған білімдерінің нәтижесін көрсетеді. Сосын жұмысқа тұруға жарамды сертификат алады.

 

Аснурия Абдула