Білім

Бескөлдегі “Парасат” мектебінде робототехника кабинеті ашылды

Биылғы оқу жылы Бескөлдегі “Парасат” мектеп-лицейінің оқушылары үшін де ерекше басталды. Мектептегі бірнеше кабинет адам танымастай өзгерді. Ең бастысы оқу ұясында STEМ зертханасы ашылды. Қазір мұнда робототехникамен айналысуға мүмкіндік бар.

Арнайы көзілдіріктер, конструктор мен роботтар. Бұл кабинет 21 млн теңгеге жабдықталған. Қыруар қаражат мектепке “Үздік білім беру ұйымы” байқауында жеңімпаз атанған кезде берілген.

ЖАНДОС МАНҚОШЕВ, “Парасат” мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Бұл кабинетте бастауыш сынып оқушылары да оқиды. Олар үшін “Қызықты математика”, “Физика әлемі” деген сабақтар бар. Бұл кабинетке жаңа жиһаз, стендтар келді. Үлкен интерпанель бар. 7 оқушыға және 1 оқытушыға арналған ноутбукпен жабдықталған. 3D принтермен де жұмыс жасаймыз алдағы уақытта.

“Парасатта” робототехника бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Бірақ, бұған дейін жоғарыда аталған заман игіліктері болмаған. Жаңашылдықтың арқасында мектептегі 40 бала саланың қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алып отыр. Қазір кабинетте 6-шы сынып оқушылары вертуалды көзілдірік пен конструкторлармен жұмыс істеуде. Темірхан Елемес роботтарға ерте жасынан қызығады. Сыныптасымен бірлесе құрастырған жабдығы да бар екен.

ТЕМІРХАН ЕЛЕМЕС, “Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Бұл – сұрыптаушы робот. Ол қоқысты сұрыптайды. Болашақта осындай қызмет атқаратын үлкен роботты құрастырғымыз келеді. Әртүрлі роботтар келді. Алдағы уақытта олармен жарыстарға қатысамыз.

Робототехника негізгі сабақ кестесіне кірмейді. Бұл кабинетте балалар арнайы бөлек кесте бойынша жұмыс істейді.

 

Алдияр Айтпаев