Білім

Биыл облыстық “Өрлеу” орталығында 2 мыңнан астам ұстаз курстан өтпек

Бүгін жергілікті “Өрлеу” орталығына 200-ден астам педагог келді. Арасында ауыл мұғалімдері де аз емес. Әр кабинетте химия, тарих, ағылшын тілі, дизайн және көркемдік модельдеу, алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша сабақ өтіп жатыр. Қатысып жатқан мұғалімдердің деңгейі әр түрлі. Аққу Райымбекова Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында көркем еңбектен сабақ береді. Білікті ұстаздың 17 жылдық еңбек өтілі бар.

АҚҚУ РАЙЫМБЕКОВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәні мұғалімі:

– Біз осы курста өзімізге қажетті нұсқаулық, актілермен, бағдарлармен танысып отырмыз. Сабақтар өтудеміз. Мысалы, инклюзивті оқытудың әдіс-тәсілдерін, жаңартылған дизайн бойынша жаңартылған сабақтар өтудеміз. Келесі жұмада 2 күн 6-шы мектепке баруды жоспарлап отырмыз. Онда біз тәжірибелік сабақ өткіземіз. Облыстың әр жерінен келген әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға тырысып жатырмыз.

Курс сабағы таңғы 9-да басталып кешкі 6-да аяқталады. Қыркүйек айының 4-інде басталған дәрістер легі 15-і күні мәресіне жетеді. Қазан айында онлайн түрдегі оқыту курсы іске қосылмақ.

ӘМИНА ТАЙЛАНОВА, “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚО бойынша филиалының әдіскері:

– Облыс педагогтерінің арасында жүргізілген бірқатар социологиялық және мониторингтік сауалнамаларға жүгіне, педагогтердің кәсіби қажеттіліктерін ескере отырып, филиалдың 2023 жылға арналған қызметін жоспарлаған болатынбыз. Осы жылы 2742 мұғалімді қамтитын 109 курс жоспарланған. Біліктілікті арттыру курстарының мазмұны педагогтердің пәндік құзыреттіліктерін дамытуға, 7-9 және 10-11 сыныптардың қиын тақырыптарына бағытталған білім беру бағдарламасына негізделіп жүргізіледі.

Жыл басынан бері 1200-ден астам оқытушы осындай курстан өткен. Жыл соңына дейін тағы 800-ден астам мұғалімді қамту жоспарланып отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай