Балалардың құқықтарын қорғауға арналған IT-технологиялар. Бұл тақырып Бас прокуратурада өткен жиында көтерілді. Кездесуде кәмелетке толмағандар арасында болатын суицид пен қылмыстың алдын алу жөніндегі жұмыс талқыланды. Сондай-ақ, “Е-превенция” жобасы таныстырылды. Бұл бағдарлама, әзірге, Астана қаласы мен Ақтөбе облысында жүзеге асырылуда.
ЖАСҰЛАН ДӘУЛЕНБАЕВ, Ақтөбе қаласының прокуроры:
– Бағдарлама жасөспірімдердің өмір сүру жағдайын, бос уақыты мен білім алу мүмкіндіктерін және әлеуметтік мәселелерді зерттеуге мүмкіндік береді. Көпбалалы отбасыларға және балалар өгей әкесімен тұратын жерге іс жүзінде бару қамтамасыз етіледі. Жобаның іске асырылуы құқық қорғау органдарының назарында болады.
Жиында мемлекеттік органдардың 80-нен астам дерекқоры біріктірілген «Отбасының цифрлық картасының» мүмкіндіктері туралы айтылды. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 50-ден астам заңнамалық сипаттағы ұсыныстар келтірілді. Көтерілген мәселелердің барлығы жұмыс тобының отырысында талқыланады.
Гульден Симбаева