Қоғам

Ауыл әйелдерінің форумы өтті

Ауылдағы көп тірліктен қолы босамайтын қыз-келіншектердің арасынан кәсіпкерлер шығуда. Бүгін істерін домалатып отырған нәзікжандылардың жетістігі қала орталығында болған жиында молынан айтылды. Сыналатын тұстары да табылды. Қала адамдары интернет арқылы барлығын көз алдарында ұстаса, ауылдықтар оны қалт жіберіп алып жатыр. Ауылдағы жұмыс тапшылығы да айтылмай қоймады.

МАЙРА АЙСИНА, Қазақстан ауыл әйелдерінің форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

– Біз неге ауыл әйелдерін алдық? Қала әйелдерінің мұндай ақпаратқа қолдары жетеді. Ал ауылдағы әйелдерге көбінесе жетпей қалып жатады. Ауылды жерлерде интернет жоқтың қасы. “Ауыл – ел бесігі” деген сөз бар. Қазір ауылды елді мекендерге қаражат бөлініп жатқанымен нәтиже онша білінбейді. Ауыл елдің бесігі болса, ол бесікті тербететін – әйел. Сол себепті осындай жұмыс қолға алынды.

Жиын барысында Ақмола, Қостанай мен Павлодар облысының кәсіпкерлері ZOOM платформасы арқылы желіге шықты. Көпшілік болып
ауылдық жерлерді дамытудан бастап әйелдердің ел экономикасына қосып жатқан үлесін талқылады.

АСЫЛ ОҚАПОВА, «Жасыл экономика және G-Global даму коалициясы» ЗТБ бас менеджері:

– Жобаның аясында бізге көптеген ауылдардың әйелдері хабарласа бастады. Ақпаратты қайдан алсақ болады, елімізде қандай бағдарламалар бар деп. Сол сұрақтарды талқылайтын, ауылды дамытуға болатын, әйелдерді кәсіпкерлікке тарту үшін осындай форум өткізу идеясы пайда болды. Негізгі қолдаушылары – “Жасыл экономиканы қолдау” коллекциясы мен “Әлеуметтік динамика” қоғамдық қоры.

Жалпы, соңғы 10 жылда ел бойынша 60 мың қыз-келіншек кәсіпкерлік туралы курстарға қатысқан. 100-ге жуық нәзікжанды арнайы грантқа ие болып, нәтижесінде 300 жұмыс орны ашылған.