Құқық қорғау органдары

Жыл басынан бері «102» арнасына 90 мыңға тарта қоңырау түскен

Жыл басынан бері «102» жедел арнасына 90 мыңға тарта телефон қоңырауы түскен. Оның 30 мыңнан астамы жедел әрекет етуді талап етіпті. 990 – ұрлық, 758 – алаяқтық, 1505 – отбасылық жанжал, сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 1283 жағдайы тіркелген. Арыз-шағымдардың басым бөлігі кешкі алты мен түнгі үштің аралығында түсіпті. Айта кетейік, полицейлерге азаматтар “102” мобильді қосымшасы арқылы мәтіндік хабарламалар мен медиа файлдар арқылы да жүгіне алады. Биыл мұндай форматта 153 хабарлама қабылданыпты.

ҚАЙЫРБЕК БАЙМӨНКЕНОВ, қалалық ПБ жедел басқару орталығының бастығы:

– Петропавл қаласының полиция басқармасының жедел басқару орталығының қызметкерлері көшелерде, қиылыстарда және алаңдарда орнатылған камералардың көмегімен 10 320 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеді. Олардың жартысынан көбі – жол қозғалысы ережелерін бұзу. Мұндай 8 207 бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішудің 2 152 фактісі анықталды. 117 қылмыстық факті ашылды.

 

Алдияр Айтпаев