МТРА жаңалықтары

СҚО-да “Бекет-2023” оқу-жаттығу жиыны жалғасуда

Әскери полигон. Облыс орталығынан шамамен 100 шақырымдай жерде орналасқан. Мұнда «Бекет-2023» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығу жиыны жалғасып жатыр. Қазір 60-тан астам әскери атыс дайындығынан өтуде.

Ержан Мұрзатаев – батальон командирі. Ол әріптестерінің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығына жауапты. Жас жігіт 2012 жылы құрлық әскерлерінің әскери институтын тәмамдапты. Бүгінде маман алған білімін жаттығуларда белсенді түрде қолдануда.

ЕРЖАН МҰРЗАТАЕВ, запастағы офицер:

– Қазір Петропавл қаласында микроқаржылық ұйым филиалының басшысы қызметін атқарам. Жиынға шақыру келді. ҚР азаматы әрі запастағы офицер болғандықтан келісім бердім.

Біраз жыл бұрын үйренгенді пысықтау және әртүрлі жағдайларға дайын болу – мұндай жаттығулардың басты мақсаты. Қатысушылар өздерін тек жақсы қырдан көрсетіп жатыр, дейді әскерилер.

ОМАР ОРЫНБАЕВ, ҚР Қарулы күштері Бас штабы аумақтық қорғаныс департаментінің бағыт аға офицері:

– Көріп тұрғанымыздай, әскери міндеттілер атыс дайындығы барысында жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Атыс даярлығы біткен соң, тактикалық арнайы жаттығулар өткізіледі. Онда осы аудандағы маңызды нысандар қорғалады.

Өңірімізде «Бекет-2023» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығу жиыны 8-ші қыркүйек күні аяқталады.

 

Байболат Култанов