Аптадағы маңызды жаңалықтарЭкология

Шаховское ауылы маңындағы қоқыс полигоны 87%-ға толған

Қызылжар ауданы Шаховское ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қоқыс полигоны 87%-ға толған. Аумаққа әлі бірнеше жыл облыс орталығынан қалдықтар тасуға болады. Бірақ, келер жылы алаңға берілген экологиялық рұқсат қағаздың мерзімі бітеді. Қазір жергілікті атқарушы орган осы мәселені қарастыруда. Бұл бағытта қандай іс жүргізіліп жатқандығын облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров баян етті.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Қалалық бюджеттен техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжат дайындау үшін қаржы бөлінді. Бұл бағыттағы іс 2024-ші жылы аяқталады. Сосын құрылысқа ақша сұраймыз. Жобалық-сметалық құжатқа 15 млн теңге бөлінді. 10-шы қыркүйекке дейін конкурс жариялаймыз. Бұған дейінгі полигонда 28 гектар бос орын бар. Ол жер дайын. Заң бойынша қарап, тиісті талаптарға сай шешім қабылдаймыз.

Жиында 21-ші жылы жабылады делінген Бәйтеректегі полигонның да жыры айтылды. Белгілі болғандай, соңғы сот отырысында аумақ 25-ші жылға дейін жұмыс істейді деген шешім шыққан. Қазір Қызылжар ауданы мен қала әкімдігі бірлесе ортақ алаң салуды қарастыруда. Басқосуда экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов осы бағыттағы облыстағы ахуалға тоқталды.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО экология департаментінің басшысы:

– Облысымызда 450-ден астам қоқыс үйінділерінің алаңы бар. Оның 11-інің ғана экологиялық құжаттары рәсімделген. Екеуі – қала маңында, қалғаны аудандарда орналасқан. Жыл сайын қалдықтарды тасымалдау, рәсімдеу, сұрыптау жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен жану фактілері тіркеледі. Арнайы тексерулер жүргіземіз. Оның негізінде бұзушылық тіркелген жағдайда нұсқаулар беріліп, айыппұл салынады.

Биыл облыста тасымалдау, рәсімдеу, сұрыптау жұмыстарын дұрыс жүргізбеген тұлғалар – 250 мың теңге, ал нұсқауды орындамаған азаматтар 300 мың теңге көлемінде айыппұл арқалапты.

 

Алдияр Айтпаев