Қоғам

Жалпықазақстандық ашық диктант өтті

5-ші қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Атаулы күннің аясында күллі ел көлемінде бір уақытта қазақ тілінде диктант жазылды. Облыс орталығындағы бұл шара Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде өтті. Диктантты “Қоғамдық келісім” ұйымының, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен студенттер және оқытушылар жазды.

ОРАЛ ЖАНАТОВ, облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы диктант Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналса, биыл Мағжан Жұмабаев туралы болмақ. Диктанттың өткізілу мақсатын айта кетсем, ұлттардың басын біріктіретін факторлардың бірі – мемлекеттік тіл. Осы мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту мақсатында өткізіліп жатқан шараның бірі – диктант жазу. Қатысу үшін жас ерекшеліктеріне ешқандай шектеу қойылмайды. Қандай ұлт өкілдері қатысқандығы нәтиже шыққан соң белгілі болады. Нәтижесі бойынша ешкімге баға қойылмайды. Жалпы сараптама жасалып, кімнің қандай деңгейде жазғаны, өткен жылмен салыстырғында алға жылжу бар ма, сауатты адамдардың саны қаншалықты артқаны белгілі болады.

Диктанттың тақырыбы – “Мағжан Жұмабаев – заманның заңғар тұлғасы”. Біртуар жерлесіміздің мерейтойына арналған диктанттың мәтіні ақынның қысқаша өмірбаяны жайлы болды. Барлығы – 200 сөз. Диктан жазушыларға 25-30 минут шамасында уақыт берілді. Ақнұр Базарбекова – қаламыздағы гуманитарлық-техникалық колледжінің мұғалімі. Маман бүгінгі шараға студенттерін ертіп келіпті.

АҚНҰР БАЗАРБЕКОВА, Гуманитарлық-техникалық колледжінің мұғалімі:

– Алғаш рет қатысуымыз. 2 студент алып келдім. Диктант өте қиын болған жоқ. Бүгінгі диктантқа қатысқандар қатесіз жазды деп ойлаймын. Барлығы ынталы, белсенділік танытып қатысып жатыр.

20 адам қатысқан диктант барысында мәтін 3 рет оқылды. Алғашқысы – тыңдалым, екіншісі – жазылым, ал үшіншісі тексеру үшін. Нәтиже ертең белгілі болады.