Бүгін облыс орталығының барлық кіреберісіне блок бекеттер қойылды. Көліктер тоқтатылып, азаматтардың құжаттары тексерілді. Ағайынға айтарымыз, алаңдауға еш себеп жоқ. Бұл бар болғаны “Бекет” ведомствоаралық оқу-жаттығу жиыны аясында өткізіліп жатқан шара.
ОМАР ОРЫНБАЕВ, ҚР Қарулы күштері Бас штабы аумақтық қорғаныс департаментінің бағыт аға офицері:
– Бүкіл проблемалық сұрақтарды айқындадық. Оны оқу-жаттығу барысында тексердік. Келешекте оны жоюды жоспарлап отырмыз. Проблемалар заңнамалық құжаттардың жетіспеушілігімен және мамандардың біліктілігіне қатысты.
Жақында облыс орталығында аумақтық қорғаныс бригадасы құрылды. Әскерилер аса маңызды объектілердің қауіпсіздігін қадағалайды және бүгінгідей блок бекеттерде тұрады. Қаланың кіреберісінде қадағалау жүргізетін адамдар істі орындау кезінде арнайы талапқа сай жұмыс істейді. Оны Астанадан келген әскери ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Ерболат Әділбаев кеңінен айтып берді.
ЕРБОЛАТ ӘДІЛБАЕВ, ҚР ҚМ өкілі:
– Қазір бұл жерде құжаттарды тексеру және тінту жұмыстары жүргізілуде. Блок бекеттерде тұратын адамдардың санында шектеу жоқ. Азаматтардың құжаттарын тексеру және көлікті тінту жұмыстарын полиция қызметкері жүргізеді. Ал сол уақытта аумақтық қорғаныс бригадасы маманның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Келеңсіздік орын алған жағдайда күш құрылымның қызметкерлері жедел әрекет етеді.
Аумақтық қорғаныс бригадасы құрамына қазір 400 адам кіреді. Қатарға маман тарту ісі жалғасуда. Күш құрылымдарына әлі 200 қызметкер қажет.
Алдияр Айтпаев