Қоғам

176 курсант ант қабылдады

Орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Барлығы дерлік тепсе темір үзер жігіттердің ант қабылдау рәсіміне келіп тұр. 1997-ші жылдың 18-ші наурызында құрылған Ұлттық ұлан академиясы құқықтық тәртіп әскері үшін жоғары білікті офицерлерді даярлайтын өңіріміздегі жалғыс әскери оқу орны болып табылады. Салтанатты шара барысында болашақ шенділерді ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтады.

БАУЫРЖАН ӘБЖАНОВ, ҚР ҰҰ бас қолбасшысының орынбасары:

– Сіздердің әрқайсыларыңыз өз мамандықтарыңызды саналы түрде таңдадыңыздар – Отанымызды қорғау. Осылайша өз тағдырыңызды офицерлік қызметпен байланыстырдыңыздар. Жоғары оқу орнының қабырғасында әскери қызмет пен оқуды жалғастыра отырып, сіздер Ұлттық ұлан академиясының курсанты атағын абыроймен алып жүретіндеріңізге сенімдімін.

Ант қабылданды. Серт бергендердің қатарында Павлодар облысының тумасы Серік Қабдрашит те бар. Ол бала кезінен жауапты сала қызметкері болуды армандапты. Сол себепті, 9-сыныптан кейін әскери мектепке түсіп, сәтті аяқтап шыққан екен.

СЕРІК ҚАБДРАШИТ, ҚР ҰҰ академиясының курсанты:

– Ант қабылдадық. Өте қуаныштымын. Біз ата-аналарымызға саптық жүрістің әдемілігі мен өз дайындығымызды көрсеттік. Өзім Павлодар қаласындағы әскери мектепте оқығанмын. Алған білімім көмегін тигізді деп айта аламын. Қазіргі таңда мен психологиялық және әскери тәртіп жағынан академияда оқуға толықтай дайынмын.

Жалпы, осы уақытқа дейін іргелі академияны 8 мамандық бойынша 4 мыңнан астам курсант тәмамдаған.