Бизнесті тексеруге жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылды.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында үкіметтің жұмысы, әлеуметтік саланы дамытудың алдағы жоспары туралы айтылды. Орта бизнестің үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 31,7 пайыздан 36,5 пайызға дейін өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны тек соңғы 1 жылда 27 пайызға өсіп, 1,8 млн-нан асқан. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір жылда 18 пайызға артып, 4,1 млн адамға жетті. 2020 жылдан бастап елімізде шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылды.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
– Бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларындағы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Осындай автоматтандырылған тәсіл тексерулерді адамның қатысуынсыз тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексерулер 2 есеге қысқарады. Микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілді. Жалпы мөлшерлеме 34,5 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілді.
Гульден Симбаева