Құқық қорғау органдары

Мемлекеттік мереке қарсаңында тәртіп сақшылары марапатталды

Конституция күні қарсаңында облыстық полиция департаментінде салтанатты жиын өтті. Мұнда 70-тен астам офицер мен сержант алғыс хат және медальдармен марапатталды.

ЕҢБЕК СЕМБИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Біз бәріміз бірге құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, тұрақтылықты сақтауға, Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауға барынша күш салатынымызға сенімдімін.

Жиында аға буын өкілдері де құрметке бөленді. “ІІМ құрметті ардагері” төсбелгісімен ішкі істер органдарының 93 жастағы ардагері Владимир Ипполитов марапатталды.

Салтанатты жиын қалалық полиция басқармасының алаңында да өтті. Мұнда басқарма бастығы Ербол Тайбеков мерейтойлық медальдар мен грамоталарды қиын қызметтің алдыңғы шебінде күн сайын жүрген, ерекше көзге түскен қызметкерлерге табыстады.

БАХТИЯР ШЕРИЯЗДАНОВ, қалалық ПБ жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалисі:

– Конституция күні қарсаңында «Мінсіз қызметі үшін» үшінші дәрежелі медалін алып отырмын. Өте қуаныштымын. Мерекемен барша Қазақстан халқын құттықтаймын! Алдағы уақытта Қазақстанымыз өркендеп, өсе берсін!

Алдағы мерекеде полицейлер дәстүрге сай күшейтілген режимде жұмыс істеп, өңір тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын болады.

 

Акжунис Мухатай