Тамыз айының 30-ы – ҚР Конституциясы күні. Аталған мерекенің маңызы зор. Себебі, Ата Заң – еліміздің мүдделерін заңды түрде бекіткен ең негізгі құжат. Осы орайда Ақан сері атындағы облыстық филармонияда әскерилерге арналған концерт өтті. Патриоттық рух берген шараның шымылдығын ҰҰ-ның 6637 әскери бөлімінің командирі Ғалымжан Кибаев ашты.
ҒАЛЫМЖАН КИБАЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің командирі:
– Ағымдағы жылдың 30-шы тамызында көпұлтты Қазақстан Конституциясының 28 жылдығы аталып өтіледі. ҚР Конституциясы 1995 жылы 30-шы тамызда республикалық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мереке болып жарияланды.
Ендігі кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Жалпы, 6637 әскери бөлімінде мыңға жуық адам қызмет атқаруда. Бүгін оның бірқатары жауынгерлік әзірлікті сақтаудағы көрсеткіштері мен үлгілі әскери тәртібі үшін марапатталды. Солардың бірі – аға сержант Жаслан Қасенов. Атырау қаласындағы 41433 әскери бөлімінің барлау батальонында өз борышын өтеген азамат болашағын осы саламен байланыстыруды жөн көрген. Бүгінде оның әскери салада еңбек етіп жүргеніне – 12 жыл.
ЖАСЛАН ҚАСЕНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің взвод сержанты:
– Мен 2011 жылы осы әскери бөлімге жұмысқа тұрдым. Бұған дейін бөлімше командирі секілді лауазымдарды атқардым. Қазір взвод сержантымын. Менің ойымша, әскери адам бірінішіден патриот болуы керек. Өз жұмысын сүюі қажет.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері конституциялық борышқа берік. Қызметке адал. Қазіргі таңда 6637 әскери бөлімінде 400-ден астам мерзімді қызметтегі жауынгер бар. Олардың әрқайсысы Отан қорғауға, нағыз батыр азамат болуға тәрбиеленуде.
МАҚСАТ МҰҚАЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
– 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы Петропавлдағы қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарады. Одан да басқа 48-ші қылмыстық-атқару жүйе мекемесін күзету қызметін орындайды.
Әскери бөлімде әрбір мерекеде осындай жиындар өткізіліп тұрады. Көркемөнерпаздар бастамалары бар. Әр ай, тоқсан сайын шараларды белсенді түрде өткіземіз.
Концерттік бағдарламада 10-нан астам нөмір көрсетілді. Құлақ құрышын қандыратын әндер шырқалды. Ару қыздар мың бұрала би биледі. Қобыздың қоңыр үні де естілді. Жалпы, келген кеш қонақтарының саны 600-ден астам.
Аснурия Абдула