МТРА жаңалықтары

Жұмыртқа бағасын негізсіз өсірген серіктестіктер жазаланды

Өзара келісіп, жұмыртқа бағасын көтерген. Осындай айып өңіріміздегі «Фирма Алекри» және «Адель Кұс» серіктестіктеріне тағылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаментінің бастамасымен тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде бұзушылық расталыпты. Соттың шешімі шығып та үлгерген.

АСЛАН ӘЛІППАЕВ, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Сот шешімімен тергеп-тексерулер объектілері жауапкершілікке тартылып, 9,2 млн теңге айыппұл салынды. Бұл сома толық көлемде бюджетке түсті. Сондай-ақ, жұмыртқа бағасы «Адель Құс» серіктестігінде орта есеппен 20%-ға, ал «Алекри Фирма» серіктестігінде 15%-ға арзандады.

“Аузы күйген үрлеп ішеді” деген бар. Бірақ, дәл осы құс фабрикаларына осыған ұқсас бұзушылықтар үшін өткен жылдың мамыр айында да айыппұл салыныпты. Шамасы алғашқы шара сабақ болмаған сияқты. Қалтаны қалыңдату үшін ұнды да келісіп сататындар бар екен. Олардың саны 1-2 емес, 10-ға жуықтайды. Тиісті тексерулерден кейін пайдакүнем кәсіпкерлердің бәрі бағаны төмендетіпті.

АСЛАН ӘЛІППАЕВ, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Барлық хабарламалар толық көлемде орындалды. «Hikmet LTD» ЖШС бағаны – 17,8%-ға, «Шахирис» – 17%-ға, «KЭСС» – 21,2%-ға, «PETROMALI COMPANY» – 22,23%-ға, «Богатырьский Продукт Север» – 24,6%-ға және «Богатырьский Продукт» ЖШС 6%-ға төмендетті. Бағаны төмендетудің орташа пайызы 18% құрады.

Брифинг соңында бейінді департамент басшысының орынбасары Аслан Әліппаев бәсекелестікті қорғау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасатынын тілге тиек етті.

 

Байболат Култанов