Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тамыз кеңесі: Педагог мамандарды дамыту

Ауқымды шара аяқталды. Облыс орталығында тамыз конференциясы қорытындыланды. Естеріңізге сала кетейік, дәстүрлі жиын биыл тамыздың 24-інде басталды. Қос күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген білім саласының қызметкерлері “Педагог мамандарды дамыту” тақырыбын талқылады. Шараның жабылуында да осы мәселе қаралды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Айдарбек Сапаров өңірдегі жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің облыста білім саласына көп көңіл бөлінуде. Өңірде білім саласын жаңа деңгейге шығару бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл жаңа мектептер салу, күрделі жөндеу жүргізу. заманауи оқу кабинеттермен қамтамасыз ету, материалдық базаны жаңарту болып табылады. Жаңа оқу жылына мектептер жақсы дайындықпен келіп отыр. Ендігі міндет – балаларға сапалы білім беру. Мемлекет білім ошақтарын қолдау бойынша жұмысты одан әрі жалғастыра береді.

Өз сөзінде Айдарбек Сапаров апаттық жағдайдағы мектеп мәселесі алдағы 2 жылда шешілетіндігін айтты. Екі ауданда мектеп салынып жатыр. Облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған білім ұясы бой көтеруде. Аймақ басшысы педагогтердің кәсіби тұрғыда дамуы маңызды деді. Бүгінде елдегі ұлағатты ұстаздардың саны 525 мыңнан асып жығылады екен.

ЕЛАМАН АЙБУЛЬДИНОВ, “Өрлеу”БАҰО” АҚ басқармасының төрағасы:

– 2020-22-ші жылдары 179 мың педагог біліктілігін арттырды. 2026-шы жылға дейін 200 мың маманның біліктілігін арттыру курстарымен қамту мақсаты тұр. Ағымдағы жылы 150 мыңға жуық педагог оқытылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20% артық. Ауыл мен қала арасындағы білім сапасының айырмашылығы аймақтарды ғана емес үкіметті де алаңдатады. Биылғы жылғы жалпы тыңдаушылардың 67% – ауыл мұғалімдері.

Педагогтер атестаттау арқылы біліктілігін арттырады. Сынақтан мамандар кемінде 5 жылда бір рет өтеді. Осы арқылы білім саласының қызметкерлері жаңа оқыту жүйесіне көшіп жатыр. Оны жиында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші маманы Дулат Аманжолов айтты.

ДУЛАТ АМАНЖОЛОВ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші маманы:

– 2022-ші жылы мұғалімдердің 90% жаңа жүйеге көшті. Жаңа жүйеге көшпегендер әлі де 10% құрап отыр. Айта кетейік, жаңа жүйе бойынша педагог-модератор және одан жоғары санаттағы педагогтердің жалақысына 30%-дан 50%-ға дейін үстемақы қосылады. Өткен жылы санаттары бар педагогтердің 66% үстемақы алды.

Бұдан бөлек тамыз кеңесіне қатысушылар мектептерді дамытудың тиімді режиміне көшудің жаңа технологиялары мен тетіктерін қарастырды.

 

Алдияр Айтпаев