Балалар

Білім беру нысандары маңындағы жолдар тексерілді

Петропавл қаласында 41 жалпы білім беретін және 35 мектепке дейінгі мекеме бар. Полиция қызметкерлері жақында аталған нысандардың маңындағы жолдардың жай-күйін тексеріпті. Нәтиже көңіл көншітпейді. Бақылау шарасы барысында тек 19 учаскеде жасанды дөңестің бары анықталған

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

– Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде полиция департаментінің өкілдері автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша 1456 тексеру шарасын жүргізді. Қамтылған шақырым 19 мыңға жуықтайды. Нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер ететін 3840 ақау анықталды. Кемшіліктерді жоюға 778 нұсқама жолданды.

Консультативтік-кеңестік орган отырысында Серік Әлжанов негізгі мәселерді жіпке тізді. Бұл жиынға қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров қатысты. Өз кезегінде органның белсенді мүшесі Александр Казанцев те саладағы өткір тұстарға тоқталды. Оның сөзінше, жолдағы жасанды дөңестер қалада ғана емес, ауылдарда да болу керек. Сонымен қатар, әр мектептің маңында көлік тоқтайтын орын болғаны жөн.

АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңестік органның мүшесі:

– Стандарт әрі құрылысты жобалау нормалары бойынша 2 қабатты ғимараттың қабырғасынан тротуарға дейінгі қауіпсіз аймақ 20 метр болуы тиіс. Біздегі мектептердің маңында гектарлап жер бар. Алайда, көлік тоқтап, балалар түсетін орын тар. Осыған назар аудары керек.

Бұдан бөлек, консультативтік-кеңестік органның төрағасы Жасұлан Ахметов пен органға мүше өзге де азаматтар сөз алды. Олар электрлі самокат жүргізушілері тарапынан жол ережесін бұзудың алдын алуды, Байболов көшесінде орналасқан модульдік полиция бекетін «Береке» саябағына көшіру мүмкіндіктерін зерделеуді ұсынды.

 

Акжунис Мухатай