Балалар

Балалардың жолдағы қауіпсіздігі

Саусақпен санарлық күннен кейін кезекті оқу жылы бастау алады. Бұл кезеңге ата-аналар балаларын материалдық тұрғыда ғана емес, қауіпсіздік жағынан да дайындау керек. Яғни, олар ұл-қыздарына жол ережелерін дұрыстап түсіндірулері тиіс. Алдағы маусымға полиция қызметкерлері тыңғылықты дайындалып жатыр.

ӘСЕМГҮЛ ӘЛІБАЕВА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Полция департаменті білім ұялары маңындағы реттелмейтін қилыстарды реттелетін қилыстарға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мақсат – қилыстарға жаяу жүргіншілерге арналған қоңырау түймесін орнату.

Полицейлер жайдан-жай дайындықты пысықтап жатқан жоқ. Қоғамда балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары болып тұрады. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 40-тан астам жағдай тіркелген.

ӘСЕМГҮЛ ӘЛІБАЕВА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Ағымдағы жылы СҚО-да балалардың қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы болды. Нәтижесінде 3 бала қайтыс болды және 48 бала жарақат алды.

Брифинг қатысушылары ата-аналарды жауапкершілік танытуға шақырады. Егер бала бірнеше рет жол ережесін бұзса, оның заңды өкілі жауапқа тартылады. Қоса кетейік, тәртіптің сақталуы бойынша сабақтар “Абайлаңыз, балалар” жедел-алдын алу шарасы аясында мектептер де өтеді.

 

Байболат Култанов