СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарБалалар

29 ауыл мектебіне су жаңа автобустар табысталды

29 ауыл мектебі су жаңа автобустарға ие болды. Оқу ұяларының басшыларына көлік кілттерін аймақ басшысы Айдарбек Сапаров табыс етті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласына үлкен көңіл бөледі. Сондықтан, бүгін бюджеттің 3/1 білім саласына бөлініп отыр. Президент тапсырмасын орындап балаларды жақсы автобуспен тасымалдау керек. Сондықтан, бүгін міне 29 автобусты таратып отырмыз. Оның алдында да таратқанбыз. Әрі қарай да бұл жұмыстар жалғасады. Сондықтан, сіздер осы автобустарға жақсы жүргізуші, сенімді адам тауып, бұл автобусты күтіп ұстап, балаларға қарап – бәрін бақылауда ұстау керексіздер.

Автобустардың бұл түрі елімізде құрыстырылған. Оның қанық сары түсі балаларды тасымалдауға арналғанын білдіреді. Теріскейге мұндай техникалар енді ғана жеткізілуде. Көліктердің артында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жабдық та орнатылған. Ол мүгедектігі бар ұл-қыздарды көлікке мінгізіп, түсіруге арналған. Жалпы, жайлы автобус 21 орынға шақталған.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Әрбір орындықта қауіпсіздік белбеулері бар. Ескерту белгілері де орнатылып, жапсырылған. Автобустар барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Көліктер сағатына 60 шақырым жылдамдықпен ғана жүреді. Мектептердің автопаркін жаңарту жұмыстары 3 жылдан бері жүзеге асырылуда. Биылғы оқу жылында 2 мыңнан астам баланы 146 автобус тасымалдайды. Күнделікті 1400, әр апта сайын 1 мыңнан астам оқушы тасымалдаймыз.

Бүгін су жаңа көліктердің 3-еуі Шал ақын ауданына жөнелтіледі. Оның 1-еуі Сергеевкадағы К.Салықов атындағы қазақ орта мектебінің иелігіне өтті. Бұған дейін оқу ұясында шағын газель болған. Ол көлік жөндеуден көз ашпапты.

АСЫЛ УАИСОВА, К.Салықов атындағы қазақ орта мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:

– Мектебімізде 340 оқушы оқиды. Біздің мекемеде интернат орналасқан. Жанымыздағы жақын ауылдардан біз балаларды газельмен тасып жүрдік. Өте қуаныштымыз осындай су жаңа автобус біздің мектепке беріліп жатқанына.

29 автобус республикалық бюджеттен бөлінген 600 млн теңгеге лизингке алынды. Айта кетейік, соңғы үш жылда оқу ұяларының автопаркі 45%-ға жаңартылды. Қазіргі таңда 146 көліктің 57-сі жаңа.

 

Алдияр Айтпаев