Көктемде күн-түн демей тер төгілген, ала жаздай күтіп-бапталған алқаптағы сары алтынды жию – диқандардың ендігі міндеті. Астықтың түсімі жаман емес. Қауыздан түскелі тұрған өнімді оруға қарқынды кіріскен аудандар жоспардың біраз бөлігін орындап та тастады. Көш басында Жамбыл ауданы тұр.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Өздеріңіз білетіндей, тамыздың 16-сы күні өңірімізде “Дала күні” шарасы өтті. Алқалы басқасудан кейін облыста жиым-терім жұмыстары бастау алды. Бүгінге дейін 645 мың гектардағы өнім бастырылды. Бұл – жалпы көлемнің 18,9%. Сонымен қатар, 770,8 мың гектардағы астық соғылды. Аудандар арасында жамбылдықтар бірінші орында тұр. Мұндағы диқандар маңызды істің 27,6% тәмамдады.
Бұдан кейінгі сатыда – Уәлиханов және Есіл ауданы. Дала жұмыстарын тегеурінді техникасыз елестету мүмкін емес. Өңірімізде биыл орақ науқанына 7,5 мың комбайн жұмылдырылған. Оның 3 мыңынан астамы жоғары өнімді. Жыл басынан бері облыста 43,3 млрд теңгеге 1 660 бірлік техника алыныпты. Науқанға тыңғылықты дайындалған диқандарды ауқымды шаруа күтіп тұр.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Осы жылы 4,5 млн гектар алаңда егін жинау жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде 3,4 млн гектарда – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 685,8 мың гектарда – майлы дақылдар, 28 мың гектарда – картоп және 5,5 мың гектарда – көкөністер.
Брифингі соңында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев мал азығын дайындау бойынша да жұмысқа тоқталды. Спикердің сөзінше, бұл бағытта жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Байболат Култанов