Өңірде «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – жемқорлықтың алдын алу. Бастамаға кез келген адам қатыса алады. Егер тұрғын бармақ басты, көз қысты әрекетке куә болса сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің CALL-орталығына хабарласуы қажет дейді бейінді департамент қызметкері Екатерина Аубакирова.
ЕКАТЕРИНА АУБАКИРОВА, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің қызметкері:
– Біреу пара талап етсе, оның шарттарын есіңізде сақтап алыңыз. Өзіңізді сенімді ұстап, ағат сөздер айтпаған жөн. Пара талап етілгеннен кейін дереу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіну керек. Сондай-ақ, CALL-орталыққа 1414 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Антикор қызметкерлері тұрғындарды волонтер болуға шақырды. Қоғамдық көліктегі жолаушыларға жемқорлық жайлы түсіндіріп, жаднама таратты. Қағазда жемқорлыққа кез болған жағдайда қайда, кімге хабарласу керек, айыптыға қандай жаза қолданылады және біреу пара талап еткен жағдайда не істеу қажеттігі жазылған. Нысанның ішінде пайдалы ақпарат экраннан көрсетіледі, қабырғаға да жазылған.
ДАРЬЯ ПРЕДЕИНА, Петропавл сапаржайының өкілі:
Вокзалға күніне мыңға жуық адам келеді. Кейбір адамдар осындай оқиғаға тап болған жағдайда не істеу керектігін білмейді. Мұндай шаралар тұрғындарға көп көмегін тигізіп қалуы мүмкін.
Мамандар осындай шараны қала мен ауыл арасында қатынайтын 42 қоғамдық көлікте өткізбек.
Гульден Симбаева