Қоғам

Асылхан Әшімханов – Абылай ханның 7-ші ұрпағы

Асылхан Әшімханов – атақты қолбасшы, хан Абылайдың туажаты. Яғни, 7-ші ұрпағы. Қасым ханнан тараған текті теміртаулық бабасының батыр, қолбасшы екенін 1997-ші жылы ойда-жоқта білген.

АСЫЛХАН ӘШІМХАНОВ, Абылай ханның 7-ші ұрпағы:

– Егемендігімізді алғаннан кейін елде “Ана тілі” газеті шыға бастады. Газетте осы тектілердің шежірелері басылып шығатын. Оны алып, оқыдым. Шежірені Мәшһүр Жүсіп жасаған екен. Оны Шотаман Уәлиханов газетке басып шығарған. Алғаннан кейін талдадым. Осылайша, Абылай ханның ұрпағы екенімді білдім.

Әрине, бойында батырдың қаны барын білген азамат қатты қуанған. Уақыт жоғалтпай өз ағайындарын іздеуге кірісіпті. Анықталғандай, Абылайханның 20 ұлынан тараған ұрпағы – қазір еліміздің түкпір-түкпірінде. Бірі Шымкентте болса, енді бірі Алматы, Павлодар, Көкшетау мен Жезқазғанда тұрады. Асылхан Әшімханов өз немерелеріне де текті екендерін айтып отырады. Оны зейнеткер өз борышы санайды.

АСЫЛХАН ӘШІМХАНОВ, Абылай ханның 7-ші ұрпағы:

– Ұрпағыма үйретемін. Кімнен тарағандарын айтам. Немерем Павлодарда тұрады. Мектептегі мұғалімдер батырдың ұрпағы екенімізді біліп таң қалған. Атаң кімнен тарайды деп барлығы сұраған. Мен қағазға жазып бердім.

Биыл Абылай ханның ақ үйінің ашылғанына – 15 жыл. Осыған орай облыс орталығында бірқатар ауқымды шара жоспарланған. Асылхан Әшімханов көпшілікпен бабасының рухына тазғым етіп, жиындарға қатыспақ.

 

Алдияр Айтпаев