ТКШ

Биылғы жылыту маусымында 2-ЖЭО-да 11 қазандық жұмыс істейді

Биыл 2-ЖЭО-да 6 қазандық жөндеуден өтті. Бұл ақпаратпен кәсіпорын басшылығы баспасөз туры барысында бөлісті. Мұндай танысу шарасы БАҚ өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. Белгілі болғандай, ағымдағы жылы мұнда 1 млрд 939 млн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры:

– Қазір орталықтағы №9 және 10-шы қазандықтарда жөндеу жүргізілуде. Жұмыстарды 1-ші қарашаға дейін аяқтаймыз. Бұл агрегаттар 1-ші қарашадан іске қосылады. Ал оған дейін 9 қазандық жұмыс істейді.

Қауырт маусымға тек №2 агрегат жұмылдырылмайды. Себебі, ол ауқымды жаңғырту жұмысынан өткізіледі. Іс 25-ші жылы аяқталмақ. Нәтижесінде қазандықтың өндіріс көлемі ұлғаяды. Баспасөз туры барысында көпшілік аталған агрегаттың цехына барды.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры:

– Барабанда су айналып, жылытылады. Оның нәтижесінде бу жиналады. Осылайша, жылу өндіріледі. Қазандықтың ресурсы таусылды. Сол себепті, жаңғырту жұмысын жүргізу көзделіп отыр. Ал қалған қазандықтар жұмыс істеуге әлі де жарамды.

Танысу шарасы барысында осыдан бірнеше апта бұрын көпшіліктің қызу талқысына түскен мұржа мәселесі де көтерілді. Естеріңізге сала кетейік, 8-ші тамыз күні нысанның құрылысынан кінәрат табылған еді. Құрылыстың қандай сатыда қисайғанын мамандар бүгінгі күні анықтапты.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры:

– Бүгінгі күні сырғымалы қалып алынып тасталды. Бөлшектеу жұмысы үшін құрылыс алаңы дайын тұр. Мердігер іске кірісті. 39 метрлік нысанның 13 метрі алынады. Бөлшектеу жұмысы 15-ші қыркүйекке дейін аяқталады. Кейін салу жұмысы 26 метрден қайта басталады.

Бұл жобаға 2,8 млрд теңге бөлінген. Мердігер артық жұмысқа бағытталатын шығынды өзі өтейді. “Олқылық жобаның мерзіміне еш әсер етпейді”,- деді Анатолий Казановский. Іс толығымен келер жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарланған.

 

Алдияр Айтпаев