Қоғам

Жыл басынан бері 3 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды

Жыл басынан бері мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне 297 тәртіптік жаза қолданылған. Бұл мәліметпен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің мамандары бөлісті. Тұрақты негіздегі талдау жұмыстары мемлекеттік органдар ұсынатын тоқсан сайынғы есептер арқылы жүргізіледі. Өз ісін тиісті деңгейде орындамаған жандарға түрлі деңгейдегі жаза қолданылған.

ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– 3 жан атқаратын қызметінен босатылды. 15-іне қызметтік сәйкестігі туралы ескерту жасалды, 19-ына қатаң сөгіс, 99-ына сөгіс және 161-іне ескерту жасалды. 2023 жылдың 6 айында департаментпен 3 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінде, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасында, Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының білім бөлімінде мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану фактілері бойынша 5 өтініш қаралды.

Оның нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларын бұзудың 8 фактісі анықталды. Департамент бұзушылықтарды жою бойынша 3 ұйғарым енгізіпті. Осылайша 3 актінің күші жойылған. Мамандардың құқықтары да қалпына келтірілген. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғаудың тағы бір бағыты – олардың жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылау болып табылады. Департамент бұл бағытта да ауқымды жұмыс атқарған.

ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Жоспарға сүйене отырып, департамент қызметкерлерімен 20 мемлекеттік органға үстеме жұмыстың болуына және мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимін сақтау бойынша бару жоспарлануда. Қазіргі таңда осы тоқсанда қарастырылған 8 мемлекеттік органға бардық. Оның нәтижесінде ешқандай бұзушылықтар анықталмады.

Департамент мемлекеттік қызмет алушылардың да құқықтарын қорғайды. Мәселен, жақында мамандардың көмегіне қала тұрғыны жүгінген. Нәзікжанды патронаттық тәрбиедегі баласын үй кезегіне 2018-ші жылдың ақпан айында қойған. Бірақ, kezekte.kz порталында кезекке тұру күні қыркүйек деп көрсетілген.

НҰРГҮЛ ЖАНМУРЗИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Қала әкімдігі қызмет алушының құқықтарын қорғау бойынша өздігінен тиісті шара қолданбаған. Осыған байланысты 18 шілде күні арызданушы біздің департаментке келіп, арыз жазды. Тексеріс барысында заң жүзінде бұзушылық тіркелді, яғни қалалық әкімдік қызметкерлері азаматтың өтінішін кешіктіріп қарастырған. Арызданушының құқығы қорғалып, kezekte.kz порталында тұрғын үй кезегіне тұру күні қыркүйектен ақпанға түзетілді. Кезек 67 позицияға жылжыды.

Жалпы, биыл бейінді департамент көмегіне 17 солтүстікқазақстандық жүгінген. 9-ының өтініші қаралып, 3-еуінікі расталған. Қалғаны басқа органдарға жіберілген.

 

Алдияр Айтпаев