Құқық қорғау органдары

СҚО-да 170 алимент төлемеуші тіркелген

Облыстық прокуратурада ведомствоаралық кеңес өтті. Жиында алименттерді, еңбек ақыны өндіріп алу мәселесі талқыланды. Статистикаға сүйенсек, өңірде балалары мен ата-анасы алдында берешегі бар 170 адам тіркелген. Олардың жалпы қарызы 166 миллион теңгеден асып жығылады.

ПАВЕЛ СЕМЁНОВ, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

– Алимент өндіріп алу мәселесі облыстық қадағалау ведомствосының ерекше бақылауында. Қазіргі таңда облыста 7 933 бала мен 7 қарт ата-ана алимент алушы болып есептеледі. Жеке сот орындаушыларының енжарлық танытуы қарыздардың өсуіне, борышкерлердің жалтаруына ықпал етеді. Бұл кәмелетке толмаған балалардың құқығына нұқсан келтіреді.

Функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін прокурорлар 71 сот орындаушысын әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартыпты. Ал борышкерлерге келер болсақ, жыл басынан бері 8 қасақана алимент төлемеуші қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

ПАВЕЛ СЕМЁНОВ, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

– Сонымен қатар, қазір 14 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 98 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, 52 адам қамауға алынды, 46 адамға айыппұл салынды. Ал 69 тұлғаға қатысты жүргізуші куәлігін тоқтата тұру шарасы қабылданды. 95 борышкерге іздеу жарияланып, 42-сінің орналасқан жері анықталды. Қалғаны қазіргі уақытта іздестіріліп жатыр.

Бүгінде сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы жалпы көлемі 10,3 млрд теңгені құрайтын 29 мыңға жуық құжат бар. Жыл басынан бері мамандар 1,7 млрд теңгені өндіріп алыпты. Ал прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде қазына жалпы 120,6 млн теңгеге толыққан.

 

Байболат Култанов