МТРА жаңалықтары

Жұмабаев көшесіндегі жөндеуден жеке кәсіпкер жапа шегуде

Клиенттер азайып, жұмысшылар жұмыстан кетудің аз-ақ алдында. Дамир Мамедовтың дәмхана бизнесінде мол тәжірибесі бар. Азамат басқаратын мекемеден қысы-жазы той үзілмейтін. Ал қазір тұралап бос тұр деуге болады. Бұған себеп – кіреберіс жолдың жағдайы. Жеке сектор маңы қазылып, су құбыры мен кәріз желілері салынған, бірақ, аумақ қайта қалыпқа келтірілмеген. 2 жыл бойы маңайға көліктер кіре алмай жүр.

ДАМИР МАМЕДОВ, жеке кәсіпкер:

– Желілер салынып біткесін, асфальт төселеді деп уәде берді. Бұл аумақ менің жеке меншігімде. Жұмыстарды жасауға рұқсатымды бердім. Жер қазылып, жол салынып жатыр деді. Бірақ, осы кіреберіс аумақ әлі дұрысталмады. Клиенттер жоқ. Жұмысшылардың жалақысы мен салықты қалай төлеймін?

Қалалық әкімдік жағдаймен таныс және бұл мәселе жақын арада шешіледі деп отыр.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Кәсіпкердің меншігіндегі бұзылған жер дұрысталады. Жоба іске асырылуда. Оның негізінде жұмыстар жүргізілетін болады.

Жалпы, қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша Жұмабаев көшесіндегі жаңғырту жұмысы қыркүйекте аяқталады.

 

Алдияр Айтпаев