Өткен демалыс күндері кезекті рейд барысында Московская көшесінде үйіліп жатқан құрылыс қалдықтары анықталды. Металл қабылдау пунктінің иесі құрылыс қалдықтарын қоршаудың бойына үйіп қойған.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушыға қатысты түсіндіру шарасын жүргізіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша ескерту жазып берді. Заң бойынша қала тұрғыны 10 күннің ішінде барлығын қалпына келтіруге міндеттелді. Осы бағытта учаскелік полиция инспекторлары рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
МҰРАТ АРЫҚОВ, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:
– Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторларымен қала тұрғындарының арасында тазалықты және абаттандыру ережелерін сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қала тұрғындарын үй маңында тазалықты сақтауға шақырамыз. Сонымен бірге, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жауапкершілік көзделгенін ескертеміз.
Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында осындай 3 мыңнан астам бұзушылық тіркелген. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін: жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Ақжүніс Мұқатай