Спорт

Спортты серік еткен жандар

“Тәні саудың – жаны сау”. Бұл ұғымды Антонина Шершнева 47 жылдан бері өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған. Зейнеткер таңын дене жаттығуларымен атырып, күнін жүгіріспен батырады. 65 жастағы зейнеткер өзін сан түрлі спорт түрінен сынап жүр.

АНТОНИНА ШЕРШНЕВА, қала тұрғыны:

– Спорт – менің өмірімнің маңызды бөлігі. Қыста шаңғы, жазда велосипед тебемін. Жүзуге барамын. Скандинавиялық жүріс спортымен де айналыса бастадым. Сөзсіз, спорт – бұл денсаулық кепілі.

Спорттың арқасында нәзікжанды алыс-жақын елдерді де аралап жүр. Бүгінге дейін Антонина Шершнева 12 марафонға қатысқан. Тау мен тасты кезіп, талай тамаша табиғатты өз көзімен көрген. Бұл да зейнеткерге күш береді екен. Жалпы, қазіргі таңда азаматша әуесқой жүгірушілердің “Феникс” клубына мүшелік етеді. Онда егде жастағы жандар жетерлік. Оларға арналып жүгіру жарыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.

ОЛЬГА ВЕРНЕР, “Феникс” әуесқой жүгірушілер клубының жетекшісі:

– Жыл сайын бірнеше жарыс өткіземіз. Көктемде сайыстар орталық алаңда ұйымдастырылады. Ал күзде “Алтын күз” және ақпанда әуесқойлар арасында сайыстар өткіземіз. Додаларға өзге қаладан да әуесқой спортшылар келеді.

Қазіргі таңда жүгіруді жаны сүйетіндер жиналған клубқа 18 бен 74 жас аралығындағы 80-ге тарта адам мүшелік етеді. Жыл өткен сайын спортшылар қатары толығып келеді.

 

Алдияр Айтпаев