ТКШ

Қаладағы электр желілердің 90% тозған

Тозу көрсеткіші төмендер емес. Бүгін БАҚ өкілдері қаладағы электр желілерін ауыстыру жұмысымен танысты. Бірінші болып журналистер облыстық балалар ауруханасы аумағына ат басын бұрды. Қазір мұнда “Строй Электро KZ” серіктестігі 50 жыл бұрын салынған кабельді ауыстырып жатыр. Себебі, ескісіне түсетін жүктеме артқан.

АЛЕКСЕЙ СЕМЕНЮК, “СҚ ЭЖТК” АҚ бас инженері:

– Бұл кабельден өтетін қуатты облыстық аурухана, тағы 29 жеке және 9 заңды тұлға тұтынады. Жаңасының қуаттылығы ескісіне қарағанда әлдеқайда жоғары. Ол тоқты өткізу көрсеткішін арттырады. Қазір желіге арналған жер қазылып жатыр. Кейін монтаждау жұмысы жүргізіледі. Содан кейін кабель орнатылады. Үстінен құм мен кірпіш төселеді. Бұл ішкі зақымданудан сақтайды.

Учаскедегі жұмыс екінші аптаға ауды. Ал істі аяқтауды серіктестік 1-ші қыркүйекке дейін жоспарлап отыр. Жалпы, қаладағы желілерді жөндеп, ауыстыру жұмысына биыл 1,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Сондай-ақ, өткен жылғы ауыспалы жобалардан қалған жарты млрд теңгеге жуық қаражат бар. Бірақ, бұл бюджет желілердің тозу көрсеткішін төмендетуге жеткіліксіз екен. Қазіргі таңда кабельдер 90%-ға тозған. Жағдайды жақсарту мақсатында бас инженердің айтуынша бұл бағытқа 11-17 млрд теңге бөлінуі қажет. Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысов кәсіпорын жобаларын дұрыс жүзеге асырмай, ысырапшылдыққа жол берсе жазаланатындықтарын айтты.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 1,7 млрд теңге болатын ивестициялық жобаларға бүгінде қосымша 150 млн теңге бөлінді. Уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар бірлесе жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын бағамдайды. Тарифтік смета да назарда. Инвестициялық жобаларды толық жүзеге асырмаған және қаржыны мақсатсыз пайдалану анықталса серіктестік заң жүзінде жазаланады. Ірі компанияларға 5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады.

Екінші объекті Берекеде орналасқан. Байболов көшесіндегі электр сымдары желініп қалған. Жақында жарамсыз желі жаңасына ауыстырылды. Ал бұл учаскеге жақын жерде жұмыстар әлі жалғасуда. Ұзындығы 4 шақырым болатын ескірген желі мен 24 баған ауыстырылуда.

АЛЕКСЕЙ СЕМЕНЮК, “СҚ ЭЖТК” АҚ бас инженері:

– Бұл учаскедегі жұмыстар да 1-ші қыркүйекке дейін аяқталады. Бір бағанды ауыстыру ісіне жарты күн кетеді. Бұл желіге 1885 жеке және 45 заңды тұлға қосылған. Жаңа желіге жаңа абоненттерді де қосуға болады.

Мұндай жұмыстар облыс орталығымен қатар Аққайың, М.Жұмабаев ауданында да жүргізіліп жатыр.

 

Алдияр Айтпаев