Қазақстанда 2021 жылдан бастап жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау жүргізіліп жатыр. Бірінші кезең мемлекеттік қызметшілерге, оларға теңестірілген тұлғаларға және аталған адамдардың жұбайларына қатысты болды. Ал ағымдағы жылдың қаңтарында бастау алған екінші кезеңде мына тізімдегі жандар өздеріне қатысты дерекпен бөліседі:
– Мемлекеттік мекеме өкілдері (мектептер, ауруханалар, балабақшалар және т.б.);
– Квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері деген ұғымды кейбірі түсінбеуі мүмкін. Тарқатып айтайық. Бұлар – мемлекеттік кәсіпорын, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық кәсіпорындардың өкілдері. Міне, осылар жалпыға бірдей декларациялауға қатысуы керек.
ДАМИР НҰРҒАЛИЕВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:
– Егер сіз декларация тапсырып, қандай да бір мүлікті көрсетуді ұмытып кетсеңіз, қосымша тапсыруға мүмкіндік бар. Алдағы 3 жыл ішінде өзгерістер енгізуге жол беріледі. Мұндай талап Салық кодексінің 48-бабының 2-тармағында жазылған. Осыны тұрғындар біле жүруі тиіс.
Екінші кезеңге жататын тұлғалар декларацияны қағаз түрінде 15-ші шілдеге дейін ұсына алды. Келесі нұсқа – электрондық түрде. Мұндай мүмкіндік 15-ші қыркүйек дейін беріліп отыр. Бұл ретте тұрғындар мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталын, “электрондық үкімет” порталын және e-salyqazamat мобильді қосымшасын пайдалана алады.
ДАМИР НҰРҒАЛИЕВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:
– Декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 272-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген. Бірінші рет ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде олқылық түзелмесе, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал декларацияда толық немесе анық емес мәліметтер ұсынылса, тағы да алдымен ескерту жасалады. Бұған тұлға құлақ аспаса, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
2024 жылғы 1-ші қаңтардан бастап декларациялауға заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары жатады. Төртінші кезең 25-ші жылы басталмақ. Онда азаматтардың қалған санаттары жалпыға ортақ міндетті орындайды.
Байболат Култанов