Ювеналды полиция қызметкерлері балалар лагерінде кезекшілік атқарып жатыр.
Инспекторлар сауықтыру аумағының қауіпсіздігін қадағалап қана қоймай, демалушы жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сұрақтарына жауап береді. “Аққайың” лагеріндегі балаларға тәртіп сақшылары жол ережелерін, самокат пен велосипедті дұрыс пайдалану тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ, түнгі уақытта жалғыз өздері көше кезбей, ата-аналарымен жүру қажеттігін айтты.
Жәнипа Манбетеева, “Аққайың” балалар лагерінің директоры:
– Негізі, лагерьде инспектор бар. Ол бүкіл 10 күн бойы балалардың қауіпсіздігін қадағалайды. Сондай-ақ, бізде балалардың денсаулығын, жай-күйін бағалап отыратын медициналық қызметкер де жұмыс істейді.
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Полиция қызметкерлері тамыздың соңынан бастап бүкіл қыркүйек айы бойы балалардың жолда жарақат алуын болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізгелі жатыр. Кезең-кезеңімен өткізілетін жедел-алдын алу шарасы “Абайлаңыз, балалар!” деп аталады.
Бөгенбай Айтжан, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы:
– Жазғы демалыс кезінде лагерьде балалармен кездесіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Балаларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы айтылады. Осындай іс-шаралар жиі жүргізіліп тұрады.
Облыста жыл басынан бері түнде жүргізілген рейдтердің нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-ші бабы бойынша 2 мыңға жуық факті мен кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуге қатысты міндеттің орындалмауы бойынша 600-ге жуық жайт анықталған.