Қоғам

“Құқықтық көмек” партиялық жобасы аясындағы қоғамдық қабылдау

“AMANAT” партиясына тұрғындар түрлі мәселемен жүгінеді. Бастауыш ұйым өкілдері сараптама жүргізген кезде халық құқық саласына қатысты түйткілдерге жиі тап болатынын анықтаған. Мұны біржақты ету үшін наурыз айында “Құқықтық көмек” атты партиялық жоба іске қосылған екен. Содан бірнеше қоғамдық қабылдау өткізіліп, біраз проблема шешімін тапқан.

ЖЕҢІС АСАНОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:

– Жыл басынан бері 15 өтінім түсті. Негізгі мәселелер – құқықтық қорғау, еңбек даулары. Мұндай қоғамдық қабылдауға аудан тұрғындары қашықтықтан қатыса алады.

Қашықтықтан қатысатын адамдардың мәселесіне қоғамдық қабылдау мүшелері атүсті қарамайды. Журналистерге берген сұхбатында Жеңіс Асанов нақты мысал келтірді.

ЖЕҢІС АСАНОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:

– Ауыл тұрғыны серіктестікте жұмыс істепті. Оған басшылығы жалақыны толық төлемеген екен. Мәселе біздің көмегімізбен шешімін тапты.

Бүгін “Құқықтық көмек” партиялық жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып отыр. Жергілікті судьялар және заңгерлермен жүздесуге 8 адам ниет танытыпты. Солардың бірі – 1-ші топтағы мүгедек Андрей Ставецкий. Жай да тағдыр тәлкегіне ұшырып, арбаға таңылған теріскейлікті алаяқтар алдап соққан екен.

АНДРЕЙ СТАВЕЦКИЙ, қала тұрғыны:

– Қор биржасында табыс табамын деп интернетте тіркелдім. Алайда, алаяқтардың құрығына түстім. Маған бәз біреулер хабарласып, 4 млн теңге көлемінде пайда көргенімді айтты. Бірақ, құжаттарды рәсімдеуге басында 500 мың сұрады. Артынша тағы қоңырау шалды. Аудардық. Жетпеген соманы анам несие алып жіберді.

Алаяқтар адам аямайды. Көзі жасқа толған ана мен арбадағы бала соңында 1 млн 330 мың теңгеден қағылыпты. Сан соғып отырған жерлестерімізді мұқият тыңдаған судья тергеушіні іске қосуға шақырды. Мұндай жағдайда жарымжан адамға тегін адвокат тағайындалады екен. Фемида өкілі осы мүмкіндікті де пайдалануға болатынын мәлім етті. Қоғамдық қабылдауға тұрғын үй құрылысына қарсы қалалықтар да келді. Айтуларынша, олардың ауласында көпшілікке ыңғайсыздық туғызатын көпқабатты баспана тұрғызылғалы жатыр. Мәселемен танысқан судья Ұлан Әбдірахманов базынамен келген жерлестерімізге сотқа жүгіну қажеттігін айтты.

 

Байболат Култанов