Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков бой көрсетті. Ол алдағы оқу жылына дайындық барысын жіпке тізді. Спикердің сөзінше, биыл аққайыңдар өлкесінде 7 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.
НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Жаңа оқу жылында 457 мектеп жұмыс істейтін болады. 75 мыңнан астам бала білім алмақ. Оның 7 247-сі бірінші сыныпқа барады.
Өкінішке қарай, кейбір ауылдардың балалары өзге елді мекендерде оқиды. Оларды тасымалдау – мемлекеттің міндеті. Биыл бұл бағытта бірқатар істің бас қайрылыпты.
НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:
– 2 мыңнан астам бала үшін 297 елді мекеннен жеткізу ұйымдастырылатын болады. 143 бірлік автокөлік бар. Жаздыгүні 29 шағын автобус сатып алдық.
Мемлекет әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын оқуға дайындауға да жәрдемдеседі. Қазір арнайы санаттағы ұл-қыздардың ата-аналарына қазынадан қаржы аударылатынын біреу білсе, біреу білмес. Баяндамасында Нәзір Жәшібеков осыған да тоқталды.
НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Бүгінгі күні облыста аз қамтылған отбасыларда тұратын 9 мыңнан астам бала бар. Жаппай оқыту қорын іске асыруға қазынадан 1 млрд 381 млн теңге бөлінді. Қаражат ата-аналардың картасына аударылады.
Бүгінгі күнге дейін өңір бойынша 45,2 млн теңге 1113 баланың ата-анасына аударылыпты. Брифинг соңында спикерге журналистер сауалдар қойды. Сұрақтар апаттық деп танылған №19 мектепке және білім саласындағы бірқатар проблемаға қатысты болды.
Байболат Култанов