ТКШ

2-ЖЭО-да салынып жатқан мұржа қайта бұзылады

Құрылысы енді ғана қызған жоба уақытша тоқтатылады. Петропавлдағы 2-ЖЭО-да салынып жатқан мұржа бұзылады. Себебі, нысан құрылысынан кінәрат табылды. Бірер күн бұрын мұржаның бір жаққа қисайып бара жатқандығы анықталды. Бүгін орталық басшысы Дмитрий Захаров бұған қатысты түсініктеме берді.

ДМИТРИЙ ЗАХАРОВ, Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– 8 тамызда 39 метр биіктікте мұржаның жұмысы мен нақты жағдайын бақылайтын «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ мамандары құбырдан ауытқу анықтады. Мұржаның пішіні бір жаққа қисайған. Мердігер «ҚазтеплоСПЕЦСТРОЙ» серіктестігінің қызметкерлері жағдайды дұрыстауға кірісті. Қай биіктікте ауытқу орын алғаны анықталған соң мұржа ішінара бөлшектеледі. Сырғымалы қалып қайта орнатылады. Кейін мұржаның құрылысы жалғасатын болады.

Жалпы, жоспар бойынша мұржаның биіктігі 180 метр болуы тиіс. Әзірге, нысанның 39 метрі тұрғызылған. Кілісім бойынша шаруаны мердігер қыркүйек айының соңына дейін аяқтауы тиіс еді. Орын алған жағдайға байланысты кесте уақыты созылады. “Жылыту маусымының жайын ойлап алаңдауға еш негіз жоқ”,- дейді орталық директоры. Қауырт кезеңде өткен жылғыдай екі мұржа мен 11 қазандық жұмыс істейді.

ДМИТРИЙ ЗАХАРОВ, Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– Барлық қазандықтар 2022 жылы қолданыстағы екі құбырға қосылды. Биыл бұл құбырлар сараптамадан өтті. Қорытынды шығарылып, мұржалар жөнделді. Олар күзгі-қысқы кезеңдегі максималды жүктемені көтеруге дайын. Станциялық жабдықтар да қауырт кезеңге сақадай сай тұр. Айта кетейік, екі құбырға 11 қазандық қосылады. Жылыту маусымы бірқалыпты өтуі үшін бізге 9 қазандық жеткілікті. Қондырғылар ең жоғарғы жүктемені де көтере алады.

Мердігер айыбын өзі жуып-шаяды. Яғни, қалпына келтіру жұмыстары компания есебінен жүргізіледі. Дмитрий Захаровтың болжамы бойынша мұржаны салу жұмысы қыркүйек айында жанданады.

 

Алдияр Айтпаев