Аптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтау

Медицина саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды

Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин өңірде консультативтік көмек көрсету, сондай-ақ, онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа әдісін енгізу мақсатында келген. Ол өзінің іс-сапары барысында өңір ауруханаларын аралап көріп, медицана қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында облыс дәрігерлерінің сұрақтарына да жауап берді. Абай Байгенжиннің айтуынша, СҚО-ның медицина саласы басқа өңірлермен салыстырғанда жақсы дамыған. Кездесуге профессордың арқасында ауруынан айығып, аяғына тұрған пациенттер де келіп, дәрігерге алғыс білдірді.

– Мен өте қорқынышты бактериалы артрит ауруымен ауырдым. Сізге ем алуға барып, аяғыма тұрдым. Бірінші байлық – денсаулық деген сөздің мағынасын сол ауырған кезде түсіндім. Сізге үлкен рахмет. Өте білікті мамансыз.

Кейіннен Абай Байгенжин облыс әкімі Айдарбек Сапаровпен кездесті. Жиын барысында өңірдегі медицина саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды. Айта кетейік, жоғары санатты дәрігер Қызылжар өңіріне арнайы аймақ басшысының шақыруымен келген.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Абай Қабатайұлы – біздің жерлесіміз. Айыртау ауданы Ботай ауылының тумасы. Жоғары санатты дәрігер. Медицина ғылымының докторы, профессор, Еуропа дүниетану ғылымдары академиясының академигі. Сонымен бірге, онкологиялық қызмет саласындағы көрнекті тұлға бола отырып, СҚО медицина саласын дамытуға өз үлесін қосуға ниет білдіруде.

Онкологиялық ауру бойынша СҚО республика бойынша екінші орында тұр. Дегенмен, соңғы жылдары өңірде қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны азайған

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Онкологиялық аурулар бойынша өткен жартыжылдықта бұл аурудың 40 пайызын бастапқы сатысында анықтадық. Бұл дертті асқындырып алмау өте маңызды. Онкологиялық қызмет тиімділігінің негізгі көрсеткіші – бес жылдық өмір сүру деңгейі. Біздегі динамикада бұл көрсеткіштің өсуі байқалады. Республикалық рейтингіде облысымыз 3-ші орында. Қазір еліміздегі дамыған медицина нәтижесінде науқастардың өмірін айтарлықтай ұзартуға мүмкіндік бар. Алайда, барлық облыстарда сияқты біздің де өңірге онколог дәрігерлер жетіспейді.

Жалпы, бүгінде облыс тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қазір ауруханалар мен емханалардың материалды-техникалық базасын жақсарту міндеті тұр. Мәселен, биыл Жас өркен және Береке ықшам аудандарында әрқайсы 250 келушіге арналған екі емхана қолданысқа берілмек. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітіліп, оның аясында биыл 9 медициналық нысанның құрылысын бастау жоспарланған.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазір 7 жоба бойынша мердігерлермен келісім-шарт жасалып, құрылыс басталды. Ал 2 жоба бойынша Денсаулық сақтау министрлігі үлгілік жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп атыр. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында аудандық емхана құрылысы басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 740 млн теңге бөлінді.

Абай Байгенжин – СҚО тумасы және қазіргі уақытта өзінің кіндік қаны тамған аймақтың медицина саласын дамытпақ. Жоғары санатты дәрігерге жиын басырында «СҚО құрметті азаматы» атағы беріліп, құрмет көрсетілді.

 

Аснурия Абдула