Қоғам

Мамлют ауданындағы қос ауыл арасындағы жол биыл қолданысқа тапсырылады

Бұл – Мамлют ауданындағы Қызыләскер мен Раздольное ауылдарын жалғайтын жол. Ұзындығы 17 шақырымды құрайды. 2020 жылы – 3 жарым шақырымы, 2021-де 9 км-ге жуығы жөнделіпті. Бірақ, кейін құрылыс техникалық себеп пен қосымша түзету жұмыстарының пайда болуына байланысты тоқтатылған. Осы көктемде қайта қолға алынды. Қалған 5 шақырымға жуық аралық та биыл жаңарады. Іске “Айя Сервис” серіктестігі жауапты.

ІЛИЯС БАЙҒҰЛОВ, “Айя Сервис” ЖШС инженер-құрылысшысы:

– Биыл жөндеу жұмысын мамыр айынан бастадық. Қиыршық тас төселіп, жол профилін түзету жұмыстары жүргізілді. Ресайкілеу қалды. Арнайы техникамыз бар. Соның көмегімен қиыршық тас, цемент, асфальтті араластырып, кейін төсейміз. Асфальт төсеуге тамыздың 15-інен бастап кірісеміз.

Жол жөндеу жұмысына 8 адам мен осынша техника тартылған. Іске облыстық бюджеттен 700 млн теңге бағытталған. Оның 200 млн-нан астамы осы қалған 4,7 шақырымға арналған. Қызыләскер ауылдық округінің әкімі Қарлығаш Усманова
бұл аудан орталығымен байланыстыратын жалғыз күре жол екендігін айтты. Қалғаны егістік арасымен өтетін жолдар екен.

ҚАРЛЫҒАШ УСМАНОВА, Қызыләскер ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Бұрын бұл жолмен жүру бір мұң болатын. Көктем мен күзде батпақ басып жатты. Қазір біраз бөлігі жөнделген. Қалыңдығы 5 см-лік асфальт төселінген, яғни барлығы жоспарға сай. Бастапқы жолдың салынғанына 2 жыл өтті. Сол қалпы. Ешқандай сыр берген жоқ.

Жол жөндеу жұмысы қыркүйектің 15-і толығымен бітеді деп жоспарланып отыр.

 

Аснурия Абдула