Құқық қорғау органдары

Интернет-алаяқтықтың алдын алу

Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында банктерді аралауға кірісті. Шенділер банк клиенттеріне пайдалы ақпарат жазылған жаднамалар таратып жүр. Касса залдарын аралап,
жиі кездесетін қулық әрекеттерін түсіндіруде. Профилактикалық шараға банктің қауіпсіздік қызметі де белсенді ат салысып жатыр. Өйткені, қазір алаяқтардың жиі қолданатын әдісі – банктен қоңырау шалу.

Танзиля Жансарина, қала тұрғыны:

– Маған жуырдан банктенбіз деп қоңырау соқты. Сіздің сыртыңыздан біреу несие рәсімдегелі жатыр, оның бетін қайтару үшін белгілі бір қосымшаны жүктеп алыңыз деді. Мен олардың қулықтарын білетіндіктен, уақытым жоқ деп жауап қайтардым.

Облыста жыл басынан бері 400-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді. Алданып қалған жандардың көбі – петропавлдықтар. Жас шамалары 40 пен 60 аралығын құрайды.

Милена Балацкая, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Бұл бірлескен шараның мақсаты – тұрғындарға интернет-алаяқтардың схемасын түсіндіру. Олар көп жағдайда өздерін банк қызметкері ретінде танысырады және «RustDesk» қосымшасын жүктеуге кеңес береді. Соңғы уақытта алаяқтықтың осы түрі көбейіп кетті.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға өзінің жеке деректерін ешкімге бермеу қажеттігін ескертеді.