10-тамыз – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Артынан өшпес мұра қалдырған, күллі әлемге аты мәлім бабамызға күнтізбедегі 1 күн арналған болатын. Биыл ақынның дүниеге келгеніне 178 жыл толып отыр. Бұл күні дара Абайдың аты еліміздің түкпір-түкпірінде жаңғырып, ауқымды түрде аталып өтіледі. Петропавлда да мереке ұмыт болмақ емес.
Мұнда этномәдени бірлестік мүшелері, “Қоғамдық келісім” ұйымы және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы жастар қанатының мүшелері таңғы 10-да Абай мен Пушкин ескерткішіне жиналды. Әрқайсының қолында бір-бір шоқ гүл. Барлығы ақынның танымал “Көзімнің қарасы” әнін тебіренте шырқады.
Қара сөздері қазақтың бойтұмарына айналған Абайға құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың міндеті. Ақынның туған күніне жиналған қауым дәстүрге сай ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қатарда жастар да бар.
МАРИЯ ТАТАРЕНКО, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары:
– Ассамблеяда Абайға арналған шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жастармен Достық үйіне жиналып, өлеңдер, нақыл сөздер оқып, талқылаймыз.«Журналистер клубы» деген парақшамызда Абайдың тәлім-тәрбиесіне арналған айдарымыз бар. Онда клуб мүшелері өздеріне ұнаған қара сөзді таңдап, ой-пікірін жазады.
Кейін ұйым мүшелері қала тұрғындарына Абайдың қара сөздері жазылған күнтізбелер таратты. Жыл жылжып, күн ауысса да бірегей тұлғаның нақыл сөздері ел есінен кеткен емес.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жанындағы жастар қанатының төрағасы:
– Жыл сайын ұйыммен ақылдасып жаңаша нәрсе жасауға тырысамыз. Осы жылы күнтізбе таратсақ, келесі жолы Абайдың қара сөзі жазылған тәттілерді таратамыз. Мен өзім Абай атамыздың шығармашылығымен таныспын. Мектеп оқып жүрген кезімде әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанмын.
Бұл атаулы күнге орай өтіп жатқан шаралардың бір легі ғана. Кітапхана мен Абай бейнеленген мурал алдында шығармашылық сайыстар өтпек.
Акжунис Мухатай