Мәдениет

Абай – ұлтымыздың мақтанышы

Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға – Абайдың есімі қаламыздың әр жерінде ұлықтанып жатыр. Халқымыздың ұлы перзентінің қаламынан туған өлеңдерінің мән-мағынасы айшықталуда. Облыстық Сәбит Мұқанов атындағы кітапханаға жиылған қауым кемеңгер шығармашылығының терең мәнісі мен тәрбиелік маңызына шолу жасады.

“Абай – ұлтымыздың мақтанышы” атты бұл шараға өңіріміздің белді журналистері жиналды. Жақсыбай Самрат – журналист әрі жазушы. “Ұлы” деген теңеу тек Абайға жарасады дейді шығармашыл жан.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, журналист:

– Абай – барша адамзатқа танымал данышпан. Сары даланың төсінде сары жердің өтінде Жидебай деген жерде осындай дананың туылғанына адамзат таңқалады. Өлеңдерінің өзі сырға толы. Өзінен өзі ұйқас тауып, айтылмақ ойы ашыла береді. Басқа ақындарға мүлде ұқсамайды. Өлеңдері бір ойдан бір ойды тудыртып, тереңдей береді. Қалай осындай қасиетке ие болғаны бір Аллаға ғана мәлім.

Абайдың өлеңдерінен нәр аламыз, күш аламыз. Ғасырдан ғасырға келе жатқан бабамыздың есімі бекітілген күн арқылы жылда жаңғырып, еске аланып отыратыны қуантады. Демек, жыл сайын жас ұрпақ Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңіледі.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, журналист:

–  Әкесі де ел билеген ақылды кісі болған. Әрине, Абайдай болмаған. Шешесі де дана адам болған. Бірақ, Абайдың өзі бір ерекше тұлға. Қазақтың тұлғасы болғанына қуанып өлеңдерін жаттайсыз, ұққымыз келеді.

Сонымен қатар, шараға 6637 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздары да қатысты.

БАҚЫТ СӘДУӘҚАСОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі бөлімшесінің аға көмекшісі:

– Бүгінгі баяндамамда Абайдың қара сөздеріне тоқталғым келіп тұр. Қара сөздерде қазіргі қоғамға жетіспей жатқан құндылықтар мен адамға керек қасиеттер жеткізілген. Адам өмірге адам болып келгеннен кейін адам болу қайту керек дейді ғой. Абай сол туралы кезінде қозғап, дұрыс бағыт-бағдар беріп кеткен.

Жиынға қатысушылар қазіргі жастар Абайдың өнеге-өсиетке толы туындыларын жадында сақтаулары қажет дейді.

 

Акжунис Мухатай