ТКШ

Жылу желілерінің жағдайы бағамдалды

Сәтбаев көшесі 52-ші үйдің ауласындағы көрініс. Қазір мұнда “СУ “ЭнергоСтрой” серіктестігі жұмысшылары жылу желілерін ауыстыру үстінде. Құбырлар әбден тозған. 30 жыл бойы жер астында жатқан магистральда соңғы жылдары жиі апат орын алыпты. Бүгін ауқымды іспен журналистер қауымы танысты. Оларға арнап Табиғи монополияларды реттеу комитеті баспасөз турын өткізді.

АНДРЕЙ КАЛИНИЧЕВ, “Петропавл Жылу Жолдары” ЖШС бас директоры:

– Инвестициялық жобаның жалпы құны 800 млн теңгеден асады. Бұл – қаладағы ең ірі жобалардың бірі. Жұмыс Кошуков көшесінен басталды. Ауыстырылатын желінің ұзындығы – 1,2 шақырым. 2022-ші жылы басталған проект 3 жылға қарастырылған. Жалпы, бұл желіге 40-тан астам үй қосылған.

Жаңа желі халық игілігінде 30 жыл бойы болмақ. Абаттандыру жұмысы барлық жұмыстар аяқталғасын жүргізілмек. Істі мамандар шамамен 30-шы қыркүйекке дейін тәмамдамақ. Кейін көпшілік “Петропавл Жылу Жолдары” серіктестігінің орталық алаңына барды. Мұнда екі сорғы станциясы орналасқан. Сондай-ақ, бұл жерден 2 негізгі магистраль өтеді. Олар “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша жаңғыртылыпты. Ал №1 сорғы станциясының жағдайы мәз емес. 1969-ші жылы салынған нысанның іргесі сөгілуде. Жағдай жақын арада дұрысталмақ.

АНДРЕЙ КАЛИНИЧЕВ, “Петропавл Жылу Жолдары” ЖШС бас директоры:

– Бұл нысанды «Инвестициялар тарифі» бағдарламасына енгіздік. Біз іске 88 млн жұмсалады деп жоспарладық. Әзірге, кететін шығынды толық есептемедік. Техникалық куәләндіру жасап қойдық. Оның негізінде екі жобаға тапсырыс бердік. Сорғы астына іргетас қаланады және ғимарат қалыпқа келтіріледі.

Сондай-ақ, серіктестікте өткен жылдан сорғы агрегаттарын ауыстыру бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылуда.

 

Алдияр Айтпаев