Ашық аспан астындағы кезекті акция. Қала жастары облыс орталығында түрлі жарнамалық қағаздар жайылған үстелдің жанына жиылуда.
Жастар ресурстық орталығының еріктілері жоғары қарқынмен жұмыс істеуде. Ұйым мүшелері халықаралық Жастар күні қарсаңында акция ұйымдастыруда. Шара аясында қала тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалар, оқуын аяқтаған түлектерді жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік, депозит ашу, волонтерлік қызмет, тұрғын үй мәселесін шешу туралы кеңес беріледі. Сондай-ақ, құқықтық және психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіледі.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім басшысы:
– Жастар ресурстық орталығының негізгі бағыттарының бірі – жастардың жұмысқа орналасуына көмектесу. Жыл басынан бері орталыққа 603 адам жүгініп, оның 501-іне жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді. Негізгі мақсат – қала жастарын облысымыздағы бағдарламалар жайында хабардар ету.
Мелания Фоменко небәрі 14 жаста. Өзі жеңіл атлетикамен айналысады. Ізденіс үстінде жүрген нәзікжанды бүгінгі шара туралы естіп бірден келіпті. Оқу жылына дейін еңбектеніп азын-аулақ ақша жинап алмақшы.
МЕЛАНИЯ ФОМЕНКО:
– Негізі, мұндай іс-шаралардың өткізілгені дұрыс. Мен сияқты жасөспірімдерге өте қолайлы. Әлеуметтік желі арқылы жұмыс табу қиын. Мен көпбалалы отбасыданмын, 5 бауырым бар. Үйдің үлкені ретінде өз еңбегіммен ақша тауым, отбасыма көмектескім келеді.
Еріктілер автобусқа мініп жарнама қағаздарын таратты. Шара 11-ші тамызға дейін кешкі 4 пен 6-ның арасында өткізіледі.
Акжунис Мухатай