Облыста жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 400 фактісі тіркелсе, соның 300-ден астамы Петропавлда болған. Қулардың тұзағына түскен жандардың жас аралығы 40 пен 60-ты құрайды. Полиция қызметкерлері қазір осы жас шамасындағы тұрғындармен кездесіп, түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр.
АЙНАГҮЛ САУЫТБАЕВА, қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі:
– Екінші полиция бөлімінің аумағында тұрақты түрде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша халықпен кездесулер өткізіп тұрамыз. Түсініктеме ретінде парақшалар таратылады. Тұрғындар арасында интернет-алаяқтық туралы естігендер де, алданғандар да бар. Дегенмен, бізден тағы да басқа жаңа ақпараттар алды.
Жалпы, интернет алаяқтықтың жиі кездесетін түрі – банктен хабарласу және онлайн сауда барысында алдын ала төлем сұрату. Тәртіп сақшылары ұялы телефон арқылы сөйлескенде жеке мәліметті ешкімге бермеу керек дейді. Құрылғыға күмәнді қосымшаларды орнатудан да аулақ болу қажет.
Аснурия Абдула