Қоғам

Мектептердегі жөндеу жұмысы оқу жылына дейін аяқталмауы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында жылда ондаған мектеп жөндеу көреді. Мәселен, биыл 40-тан астам оқу ұясына сән кірмек. Өкінішке қарай, олардың кейбіріндегі шаруа қыркүйекке дейін аяқталмауы мүмкін. Бұл жайлы облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алена Мальгаева мәлім етті.

АЛЕНА МАЛЬГАЕВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Петропавл қаласындағы №31 толық емес орта мектепте және Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ломоносов атындағы орта мектепте кестеден кешігу тіркелді. Проблемалық оқу ұялары Тайынша мен Айыртауда да бар. Донецк пен Новосветлов мектептерінде күрделі жөндеу тек қазан айында аяқталмақ.

Оқулықтардың жетуі, мұғалімдердің біліктілік арттыру, құрал-жабдықтардың жұмыс істеуі. Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мамандары осы бағыттарда да жұмыс жүргізеді. Бұл тізімге нысандардың жеткілікті болуы да кіреді.

АЛЕНА МАЛЬГАЕВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Облыстағы 5 орта және 17 негізгі мектепте спорт залы жоқ. Бүгінгі таңда алдағы оқу жылында бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету міндеті тұрғаны белгілі. Алайда, Петропавл қаласындағы 4 толыққанды мектепте асхана қарастырылмаған. Мұндай кемшілік бірқатар ауданда да байқалады.

Брифингіде интернет жайлы да сөз қозғалды. Бүгінде өңірдегі мектептердің барлығы ғаламторға қосылғанымен, көпшілігінде жылдамдық жоғары емес екен.

 

Байболат Култанов