СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Қытайлық кәсіпкер өңірден 100 мың тонна астық сатып алмақ

Аймақ басшысы Айдарбек Сапаров қытайлық “Сиань Ай Цзюй” корпорациясының президенті Цзя Хэймен кездесті. Жүздесуде қос тарап Солтүстік Қазақстан облысы мен аспан асты елі арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайту жайын талқылады. Алтайдың ар жағынан келген инвестор биыл аққайыңдар өлкесіне бақандай 20 млн доллар инвестиция салмақ. Осының нәтижесінде өлкеміздің ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жобалар қолға алынады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облысымызда істейтін ауқымды жұмыс бар. Сіздер жақсы бастап жатсыздар. Біз өз жағымыздан көмектесеміз. Қолдау болады. Біраз мәселені шешу бойынша тапсырма берілді. Үлкен мәселенің бірі – СҚО-дан бидай экспорттау. Осы жағынан көмек керек, бірге кірісейік.

Инвестордың көздегені де осы. Цзя Хэй мырза биыл Солтүстік Қазақстан облысынан 100 мың тонна астық сатып алмақ. Өнімнің сапасына баса назар аударылады. Қалталы азамат Қытайда өңірімізде өсірілген бидайды брендке айналдырмақ ниетте.

ЦЗЯ ХЭЙ, “Сиань Ай Цзюй” корпорациясының президенті, ҚХР:

– Сіздерден сапалы бидай сатып алғымыз келеді. Мақсатымыз – осы жердің астығын аспан асты елінде жалпақ жұртқа таныту. Элеватор басшыларымен кездесу өткізсек дұрыс болар еді. Ақылдасып, барлығын егжей-тегжейлі талқылайық. Біз үшін сапа – бірінші орында.

Айдарбек Сапаров жақын арада мұндай кездесу ұйымдастырылатынын айтты. Әріптестік мұнымен шектелмейді. Қытайлық азамат келешекте сатып алатын астық көлемін 10 есеге арттыруды көздеп отыр.

ЦЗЯ ХЭЙ, “Сиань Ай Цзюй” корпорациясының президенті, ҚХР:

– Біз келесі жылы сіздерден 500 мың тонна астық сатып алмақшымыз. Ал одан кейінгі жылы Қытайға 1 млн тонна өнім жеткізгіміз келеді. Бұл жұмыс қос тарапқа да тиімді болары сөзсіз.

Қалталы инвестор болашақта өлкемізге салынатын инвестиция көлемін еселеп арттырмақ. Қомақты қаржы Тайынша ауданында үлкен аграрлық парк салуға мүмкіндік береді. Ол жерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен саудасы ғана емес, тамақ өндірісі және Қытайдан жеткізілген тауарларды Қазақстан арқылы экспортқа шығару ісі де қолға алынады.

 

Байболат Култанов