Қоғам

1 литр бензинді 16 696 теңгеге алмақ болған

Қалтаны қампайтуды көздейтін пысықайлар әр салада бар. Бірқатар деректі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшылығы журналистерге баяндады. Биыл өңірімізде мемлекеттің қаржысына қол сұққан балабақша есепшісі анықталыпты.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

Қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеліп жатыр. Балабақша есепшісі ақшаны өзінің есеп-шотына аударып отырғандығы анықталып отыр.

Бұл органның тағы бір міндеті – мемлекеттік сатып алуларда тауар бағасының жасанды жолмен көтерілуіне жол бермеу. 1-ші жартыжылдықта мұндай 63 факті анықталыпты. Іске департамент араласқан соң 34 мекеме бағаны 1,4 млрд теңгеге төмендеткен. Яғни, осынша қаржы қазынада қалған.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

«Ақан сері» орман шаруашылығы АИ-92 маркалы бензиннің әр литрін 16 696 теңгеге сатып алмақ болған. Іске біз араластық. Осылайша, 664,5 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын ұтымсыз пайдаланудың жолы кесілді.

Мұндайға жол берген жандар көп жағдайда механикалық қателік орын алды деп түсініктеме береді екен. Тиісінше, қылмыстық іс қозғалмайды. Петропавлда әкімдік балансындағы 1500-ге жуық пәтерді заңды иелері иеленбеген. Қазір бұл кемшілік те түзетіліп жатыр.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

5 пәтер заңды иелеріне қайтарылды. Жұмыс жалғасып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық кеңесте облыс әкімі жыл соңына дейін барлық пәтерді заңды иелеріне қайтару бойынша тапсырма берді.

Көпке мәлім, сыбайлас жемқорлық фактісі жайлы хабарлаған тұлғаға сыйақы табысталады. Алғашқы 6 ай ішінде өңірімізде 3 адам марапатталыпты. Антикордың байланыс нөмірі 1424 екенін еске саламыз.

 

Байболат Култанов