Қоғам

Жастарға жұмыс ұсынылуда

Екі қолға бір күрек. Жастар ресурстық орталығының мамандары өңір жастарын жұмыспен қамтуда. Статистикаға жүгінетін болсақ, қазақстандық жастардың 6%-ы жұмыссыз. “Ұрпақ келісімшарты”, “Бірінші жұмыс орны” сияқты бағдарламалар оқуын енді аяқтаған, жұмыс іздеп жүрген ұл-қыздарға тиімді мүмкіндік береді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз бұл акцияны Қазақстан Конституциясы мен Жастар күні аясында өткізіп жатырмыз. Бірнеше бағдарлама жазылған жаднама таратамыз. Мақсатымыз – тәжірибе жинақтағысы келетін немесе жұмыс таппай жүрген қала тұрғындарына қол ұшын созу.

Қолдарына қағаз ұстаған мына балалар тіпті кәмелет жасқа да толмаған. Бірі өз қалауларымен, енді бірі ата-аналарының айтуымен келіпті. Олар жалғызбасты қала тұрғындарына, көмекке зәру жандарға көмектесіп жүріп алғысын алады әрі адал еңбектерімен ақша табады. Қазір қатарларын толықтыру үшін қала орталығында жүр.

Анастасия Шачнева осы орталықта өзін ерікті ретінде сынап көрмекші. Биыл Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін іс жүргізуші мамандығы бойынша аяқтапты. Оқу оқып жүрген кезінде “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы туралы естіген. Осы жобаға сүйене отырып өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасыпты.

АНАСТАСИЯ ШАЧНЕВА, ерікті:

– Мен дүйсенбіден бастап жұмысқа орналастым. “Жастар тәжірибесі” жобасы – мен сияқты оқуын аяқтаған, тәжірибесі жоқ жастар үшін зор қолдау. Жалақысы да жаман емес. 100 мыңның үстінде аламын.

Жыл басынан бері қалалық жастар орталығына жұмыс іздеген 42 адам өтініш білдірген. Оның 36-сы еңбекпен қамтылды. Сондай-ақ, аталған ұйым өкілдері 25-ке толмаған жастарға санаулы сағаттық жұмыс ұсынады. Яғни, олар жалғызбасты зейнеткерлерге көмектеседі немесе “Жасыл ел” жобасы аясында қаланы абаттандыруға ат салысады.

 

Акжунис Мухатай