Қоғам

Салынған жол учаскелерінен 650 сынама алынған

Хаирбай Сәдуақасовтың жол саласында жүргеніне 18 жылдан асқан. Білікті маман еңбек жолын облыстық көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің департаментінен бастапты. Алғашында бас маман болған азамат кейін бөлім басшысы қызметіне тағайындалған. Ал қазір ұлттық жол активтері сапа орталығының филиалында жетекші маман болып қызмет атқарады.

ХАИРБАЙ СӘДУАҚАСОВ, «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» ШЖҚ РМК СҚОФ жетекші маманы:

– Осы орталықта 3 жыл жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. 3 жылда цифрландыру бойынша көп нәрсе үйрендік. Арнайы платформада тапсырыс берушілер, яғни, әкімдіктер тіркеуден өтіп, құжаттарын жүктейді. Оны мына жақтан мен қараймын. Содан кейін жолды барып қараймын. Құжат бойынша қаншалықты сәйкес келетінін бағамдаймын.

Кейін зерханалық жұмыстар атқарылады. Жап-жаңа жол жабындысынан алынған сынаманы мамандар зерттеп, қоспа құрамының дұрыс-бұрысын анықтайды. Соңында Астанадағы талдаушылар іске араласып, тексерістің нүктесін қояды. Жалпы, сұхбат барысында азамат қала мен аудан жолдарындағы жөндеу жұмысындағы қарқын биыл үдей түскенін тілке тиек етті. Сол себепті, мамандардың жұмысы да шаш етектен.

ХАИРБАЙ СӘДУАҚАСОВ, «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» ШЖҚ РМК СҚОФ жетекші маман:

– Биыл біздің филиал мамандары 85 жобаны қарастырды. Осыған байланысты объектілерге 250 рет шықтық. 650-ге тарта сынама алынды. Оның 30%-ы стандарттарға сай болмай шықты. Ал жалпы, 85 жобаның 75-іне оң қорытынды берілді.

Талапқа сай келмеген жолдарға да қорытынды шығарылады. Соның негізінде тапсырыс беруші мен мердігер істі бірлесіп түзеулері керек. Шаруа тындырылған соң филиал мамандары учаскені қайта тексеріп сынама алады. Ал жауапты компания іске оңды-солды қараса шара қолданылады. Оның негізінде мердігерге айыппұл салынады.

 

Алдияр Айтпаев