Өңір басшысы алдымен Петропавлдағы нөмір 17-ші мектепке барды. Биыл бұл білім ұясында толығымен кәріз жүйесі жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстарына «СпектрСтройсевер» серіктестігі жауапты. Ғимаратты жөндеуге бюджеттен 17 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, мектепте ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, қабырғалары сырланып, линолеумдері ауыстырылып жатыр.
– Енді біз бәрін толығымен өзгертеміз. Плиткалар ауыстырылады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға дәретхана жасап жатырмыз.
Кейін Айдарбек Сейпілұлы Петропавлдағы «BEST» гимназиясына барды. Қазір мұнда 900-ден астам оқушы білім алады. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын жүргізілген. Қазіргі уақытта тек ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында Айдарбек Сапаров мектеп ауласының жағдайына назар аударды. Көгал шабылмаған, футбол алаңы да көңіл көншітпейді. Мектеп ауласының жолдарында шұңқырлар мен кәріз құдықтары бар. Облыс әкімі жаңа оқу жылына дейін барлық олқылықты түзетуді тапсырды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мектептегі көгалды ретке келтіріңіздер. Бір футбол алаңын орнатыңыз. Орталықта орналасқан білім ордасы болғандықтан, балалар кез келген уақытта, демалыс кезінде де мұнда келіп ойнай алатын болуы керек.
Келесі кезекте аймақ басшысы «Дарын» мектеп-лицейіне барды. Оқу орнының жылу жүйесіне қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 38 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарына қарағандылық компания «Тілек-2030» ЖШС жауапты. Алайда, олар шамамен бір апта бұрын ғана жұмысқа толық кіріскен. Мектепке заманауи Қазақстанда және көршілес елдерде жоқ жылыту құрылғылары орнатылып жатыр. Бірақ, жұмысқа тек 2 адам ғана тартылған.
– Жертөледе жұмыс істеу керек. Регистрлерді орнату керек. Шынын айтқанда жұмыс жетерлік. Олар бір апта бұрын ғана жұмысқа қызу кірісті.
Техникалық қадағалауға жауапты мамандардың сөзінше, серіктестік жөндеу жұмыстарына 10-нан астам адамды жұмылдырса ғана 25 тамызға дейін үлгеруі мүмкін. Алайда, мердігер компанияның басшысы жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын және белгіленген уақытқа дейін аяқтайтынын айтты. Айдарбек Сапаров оның сөзіне күмән келтіріп, келісім шартты бұзу қажеттігін атап өтті. Аймақ басшысы Петропавлдағы Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатына да барды. Мұнда 500 оқушы білім алады және олардың көбі интернатта тұрып оқиды. Қазір мектептегі жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 55 млн теңге бөлінген.Тексеру барысында облыс әкімі мектептің жаңа оқу жылына мүлдем дайын еместігін атап өтті. Санитарлық бөлмедегі душтар дұрыс істемейді, дәретханалардың да жағдайы мәз емес, спортзалға тіптен кіріп болмайды. Ал бұл мектептегі мәселелердің бір парасы ғана. Нысанның төлқұжаты бойынша жұмыс шілде айында аяқталуы керек болған. Петропавлдағы басқа мектептерде сияқты бұл білім ордасының да аула аумағы көңіл көншітпейді. Облыс әкімі бұл жерге жаңадан мектеп-интернат салу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ мектептің аумағын абаттандыру керек екенін де атап өтті.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіп, ғимараттың ішін жөнге келтіру керек. Сыртын да қаптау керек. Спорт залы бар жақсы интернат салу қажет. Мектептен спортзалға бірден өтетін өткел жасаса да болады.
Мектептерді тексеру барысында аймақ басшысы қалалық жалпы білім беретін ІТ лицейіне де соқты. Білім ордасында ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Алайда, мектеп ғимараты жеке кәсіпкерге тиесілі. Ай сайын мемлекет 500 мың теңге беріп, нысанды жалға алып отыр. Сол себепті де, оқушылар үшін кәсіпкер барлық жағдайды жасауы керек деді Айдарбек Сапаров. Аймақ басшысы Петропавлдағы нөмір 27 мектепті де тексерді. Білім ордасындағы сумен жабдықтау жүйесіне күрделу жөндеу жүрзіліп жатыр. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 22 млн тенге бөлінген. Мектептің спорт залы жөнделіп, сыныптары да ретке келтірілген. Білім ордасыны 60 жылдық тарихы болса да мектептің жағдайы жақсы, абаттандыру жоғары деңгейде жүргізілген.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 6-7 мектепті аралап шықтым. Білім ордалары 1 қыркүйекке дайын емес. Мен жедел кеңес өткіздім, тапсырмалар бердім. Еш өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Жұмысты күшейтуіміз қажет. Аппарат шұғыл және тез арада комиссия құруы керек. 3 адамнан бөлініп, олар әр аудандардағы мектептерді қадағалап шығулары керек. Ал қала бойынша 5 комиссия құрыңыз. Петропавлдың барлық мектептері қамтылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарына да назар аудару керек. Әр сыныпты жіті тексеру қажет. Жылыту маусымына дайындық пысықталсын. Аудандарға көмірдің уақытылы жеткізілуін назарға алыңыздар.
Айдарбек Сапаров қала әкімі мен қалалық білім бөліміне барлық мектептердегі жөндеу жұмыстарын 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырды.
Аснурия Абдула