Білім

“Мектепке жол” акциясы бастау алды

Жаздың соңғы айы – балалардың оқу жылына дайындалатын уақыты. Өңірде 1-ші тамыздан дәстүрге айналған республикалық “Мектепке жол” акциясы бастау алды. Биыл қайырымдылық акциясы “Жақсылық жаса” ұранымен өтіп жатыр. Көгершін Жұмабаева жолдасы екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Жергілікті кәсіпкерлер жуырда отбасыға сабаққа керекті құралдары бар сөмке әкеліп беріпті. Енді осы акция аясында мектеп формасын сыйламақшы.

КӨГЕРШІН ЖҰМАБАЕВА, Бескөл ауылының тұрғыны:

– 2016 жылы Шал ауданынан көшіп келдік. 4 балам бар, 3-уі мектепте оқиды. Үлкені 9-шы сыныпқа көшті, 2-шісі 3-ші сыныпқа, 3-шісі 1-сыныпқа көшті. Сабақ үлгерімдері жақсы. Осында көшіп келгеннен кейін әкімдіктен адамдар келіп көмек керек пе деп сұрады. Оқу жылы басталарда сабаққа керек жабдықтарды алып берді. Балаларым мектепте тегін тамақ ішеді.

Жалпы, облыс бойынша “Мектепке жол” акциясы аясында 9 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі. Бұл – аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан мен жетім балалар.

АМАНГЕЛДІ ӘБДІРАХМАНОВ, Қызылжар ауданы білім бөлімінің басшысы:

– Қызылжар ауданыннда барлығы – 40 мектеп бар. Биыл білім ұясының табалдырығын 6 мыңнан астам бала аттайды. Осы акцияның барысында аудандық кәсіпкерлер мен мекемелер көмектеседі. Акцияға қатысқысы келетіндің барлығы білім бөліміне хабарласып, көмекке мұқтаж балалардың тізімін ала алады.

Өткен жылы ауданда меценаттардың көмегімен 1 жарым млн теңгеге 268 бала оқу жылына дайындалыпты. Ал биыл Қызылжар өңірінің қамқор кәсіпкерлері әзірге 100 мың теңгеге жуық ақша жинап 11 отбасыға жәрдемдескен.

 

Акжунис Мухатай