Қоғам

Қорғансыз жануарлар – еріктілердің назарында

Жеті қазынаға жататын иттердің бірі үйде болса, бірі түзде, ал кейбірі “Белый бим” сияқты жануарлар үйінде. Адам алдында әбден қорғансыз жануарларды қорғаумен көп жағдайда еріктілер ғана айналысады. Бүгін жастар ресурстық орталығының мүшелері жануарлар үйіне барып қайтты. Қазір бұл жерде 300-ге жуық ит бар екен.

Жануарлар баспанасында азық мәселесі өткір тұр. Ұйым мүшелері ет, сүйек, итке арналған арнайы құрғақ тағамдар алып келіпті. Жылулық сақтайтын төсеніштерді де ұмытпаған. Мұндай қайырымдылық шаралар ай сайын өткізіледі.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз бүгін “12 игі іс” акциясы аясында “Белый бим” иттер үйіне келдік. Ең бірінші мақсатымыз – жануарларға көмектесу. Бұл жерде қаншама ит бар, соның барлығына жеткілікті түрде тамақ берсек дейміз. Азықтан бұрын емге қажет медициналық құралдар да әкелдік.

Жануарлар үйіндегі бұл иттердің барлығы арнайы екпе алған. Қандай да бір көмек қажет болған жағдайда хабарландыру беру арқылы қайырымдылық іске қала тұрғындары да тартылады.

 

Акжунис Мухатай